×

Ұлт ұстазының мерейтойына қаражат бөлінді

Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналған іс-шараларға дайындық басталып кетті

 Дастан Жұмабекұлы 14.06.2022 | 18:10
Фото: gov.kz

Қостанай өңірлік коммуникациялар алаңында облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов Қостанай облысының мәдениет саласындағы мемлекеттік саясатын іске асыру туралы есеп берді.

Ол өз сөзінде ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығын мерекелеу жөнінде облыстық іс-шаралар жоспары бекітіліп, Алаш ардақтысы туған Жангелдин ауданы тұрғындарының тұрмысын және әлеуметтік жағдайын жақсарту бойынша ауқымды инфрақұрылымдық жобаларды іске асырылып жатқанын атап өтті.

«Қостанай облысының әкімдігінің жоспары аясында Торғай ауылында Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлының әдеби музейін жөндеу және реэкспозициялау жұмыстары жүргізілуде. Ол үшін бюджеттен 170,5 млн теңге көлемінде қаражат бөлінді. Аудан орталығынан А.Байтұрсынұлы ауылына апаратын автожолдың 41,4 км учаскесін және Торғай өзеңі арқылы өтетін көпірді жөндеу жұмыстары басталып кетті. Оған республикалық және облыстық бюджеттен 2,7 млрд теңге көлемінде қаражат бөлінді», – деді Е.Қалмақов.

Сонымен бірге ол А.Байтұрсынұлы ауылында Сарытүбек елді мекенінде жаңа медициналық пункт салынып, Ақкөл ауылдық амбулаториясы жөндеу жүргізіліп жатқанын айтты.

«Медициналық құрылғылар жаңартылуда. Ол үшін облыстық бюджеттен 62 млн теңге көлемінде қаражат бөлінді. Ақкөл ауылының клубын жөндеу үшін 25,6 млн теңге бөлінген. Ұлт ұстазы туған Ақкөл ауылының Сарытүбек қонысында Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйінің құрылысы жоспарланып, қазіргі уақытта жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. Бұл жобаға облыстық бюджеттен қосымша қаражат бөлінетін болады. Бүгінде демеушілер қаражаты есебінен Торғай ауылында Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлы құрметіне жаңа ескерткіш орнату мәселесі пысықталуда», - деді ол.

Оның айтуынша, облыста 632 мәдени орда бар. Былтыр облыстық және жергілікті бюджеттерден мәдениет нысандарын жөндеуге 498,2 млн теңге жұмсалған.

«Жалпы, Қостанай облысының мәдениет саласын дамыту жақсы жолға қойылған. Қиындықтарға қарамастан, мемлекет белгілеген басымдықтар шеңберінде көптеген жобалар іске асырылды. Бірақ, әлі де көп нәрсе істеуіміз керек. «Ауыл-ел бесігі» жобасын іске асыру шеңберінде Қарасу ауданының Октябрь ауылдық кітапханасы, Қарабалық ауданының Научный мәдениет үйі күрделі жөндеуден өтті. Биыл мәдениет саласының инфрақұрылымын дамыту жалғастырылды. Жалпы, бюджеттен осы жылы мәдениет объектілерін жөндеуге 800,0 млн теңгеден астам қаражат бөлінді. Мәдениет мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға 337,4 млн теңге берілді, – деді басқарма басшысы.

 

Серіктес жаңалықтары

Сараптама