Өрт шыққан үйдің маңынан 50 тұрғын қауіпсіз жерге көшірілді
Семейде тоғыз қабатты тұрғын үй өртеніп, 2 бала мен 42 жастағы тұрғын ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды ШҚО ТЖД баспасөз қызметі.
Өрт қаладағы Физкультурная көшесінде орналасқан көпқабатты үйдің алтыншы қабатынан шыққан. Бұл қабаттағы пәтерде жиһаз бен жеке заттар өртенген.
Оқиға орнына өрт сөндірушілер жедел жеткен. Олар автосатының көмегімен 6-қабатта түтіннің арасында қалып қойған 2006 және 2008 жылы туған екі баланы құтқарған.
Балаларда түтіннен уланудың белгісі болды. Сондықтан олар медициналық мекемеге жеткізілді. Сонымен қатар балаларына көмектесуге тырысқан 1980 жылғы пәтер иесі күйік алып, ауруханаға жатқызылды. Тағы 31 тұрғын баспалдақ арқылы эвакуцияланды. Оның 14-і – бала, - деп жазылған хабарламада.
Мамандар өрт болған тұрғын үйдің маңынан 50 адамды қауіпсіз жерге көшірді. Оның ішінде 15 бала бар.
Өртті сөндіруге 40 маман мен 10 техника жұмылдырылған. Өрттің шығуына электр жабдықтарын пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтамау себеп болуы ықтимал.