Ресейдің үш қаласында оқушыларды қазақша оқытатын мектеп ашылады

Халық үні

Бүгінде Ресейде 591 мыңнан аса қазақ тұрады

фото: Halyq Uni

Ресейдің Сыртқы істер министрі Сергей Лавров Астрахань, Омбы және Орынбор қалаларындағы этникалық қазақтар тұратын жерлерде қазақ тілінде оқытатын қазақ-орыс мектептері ашылатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Halyq Uni.

Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей мәдениетінің ошақтарын құруға қатысты мәселелерді қозғаған болатын. Осы тұрғыда бүгін Қазақстанда орыс тілінде білім беру қызметтерін ұсынатын 3 бірлескен мектеп құру талқыланды. Қазақстандық әріптестеріміз Орынбор, Омбы және Астраханьда қазақ тілінде оқытатын осындай бірлескен мектептерге қызығушылық танытып отыр, – деп атап өтті Лавров бүгін Астанада өткен брифингте.

Ресейде қазірдің өзінде қазақ тілін оқыту іске асырылып жатыр. Бұл этникалық қазақтар тығыз қоныстанған аймақтарда жүргізіледі.

2021 жылғы санақ нәтижесіне сүйенсек, бүгінде Ресейде 591 мыңнан аса қазақ тұрады. Олардың көбі Астрахань, Орынбор, Омбы және Саратов облыстарында шоғырланған.

Айта кетейік, қазір қазақ тілі Алтай мен Омбы облысының мектептерінде оқытылады. Сонымен қатар, Қазақстанның мемлекеттік тілі Омбы облысының 11 мектебінде міндетті пән саналады.