Halyq Uni логотип
×

Сенатор футбол туралы арнайы заң әзірлеуді ұсынды

Депутат ұлттық құрама бас бапкерінің жалақысы неге құпия екенін түсінбейді

 Дәурен Ерболат 07.11.2024 | 16:33
Сенатор футбол туралы арнайы заң әзірлеуді ұсынды
Фото: parlam.kz

Сенат депутаты Дархан Қыдырәлі елімізде футбол туралы арнайы заң әзірлеуді ұсынды, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Депутаттық сауалын премьер-министр Олжас Бектеновке, Бас прокурор Берік Асыловқа жолдады.

Сенатордың пікірінше, қомақты қаржы бөлінсе де отандық футбол жүйелі түрде дамымай жатыр.

 Жекеменшік балалар клубтары да жетімнің күйін кешіп жүр. 7-17 жас аралығындағы балаларды оқыту ісінде бірыңғай жүйе жоқ. Бізбен деңгейлес болған командалар қазір Олимпиада ойындары мен әлем, Еуропа чемпионаттарында ойнап жүр. Мысалы, Грузия, Өзбекстан сияқты елдер балалар футболын қолдау, мамандар даярлау, инфрақұрылымды дамыту, бірыңғай жүйе қабылдау, футбол алаңдары мен стадиондар салу арқылы нәтижеге жетті, - деді Дархан Қыдырәлі.

Оның айтуынша, кейінгі 30 жылда Қазақстанда 2 стадион ғана салынған.

Алайда соның екеуі де («Түркістан арена», «Астана Арена») қайта күрделі жөндеуден өтті. Қалған стадиондар ескі, көбі УЕФА талабының төменгі деңгейіне де сай келмейді. Кейбір өңірлер жыл аралап тозығы жеткен стадиондарын қайта күрделі жөндеуден өткізеді. Оның орнына осы қыруар қаржыға әрбір облыс орталығында талапқа сай стадиондар неге салынбайды?, - деді сенатор.

Депутат ұлттық құрама бас бапкері Станислав Черчесовтің жалақысы неге құпия екенін түсінбейтінін жеткізді.

Командасы қарсыластар қақпасына бір гол сала алмай антирекорд жасап отырғанына қарамастан өзі Еуропаның азулы құрамаларының бапкерлерінен көбірек жалақы алатын ұлттық құраманың бас бапкерінің айлығы құпия. Федерация мұны кімнен жасырады?

Көпшілігі жергілікті бюджетке байлаулы футбол клубтарындағы легионерлердің айлығы да ашық айтылмайды. Осы ретте легионерлерге шектеу, лимит деген жоқ. Кейде алаңда 11 шетелдік ойыншы жүреді. Әйтсе де, санның сапаға әсері шамалы. Сондықтан оларды ФИФА рейтингіндегі ТОП-30 елдің ішінен таңдаған жөн деп ойлаймыз, - деді Дархан Қыдырәлі.

Сенатор Қазақстан премьер-лигасында жүйесіздік көп екенін атап өтті.

«Мысалы, биыл тақ санмен 13 команда ойнаса, келесі маусымда олардың санын 16-ға ұлғайту туралы айтылып қалады. Бұл кейбір командаларды сақтап қалу үшін «бармақ басты» әрекет емес пеСондай-ақ еліміздегі футболды дамытуға жауапты Федерацияның жылдық бюджеті – 10 млрд теңге (20 млн еуро). Бұл қаражаттың қайда, қалай жұмсалып жатқаны туралы ашық мәлімет жоқ. Өңірлердегі филиалдарға 3-5 млн теңгеден бөлетінін ескерсек, қалған қаражаттың есебі бар ма?», - деді депутат.

Дархан Қыдырәлі саладағы мәселені шешу үшін арнайы заң әзірлеуді ұсынды.

Көптеген мемлекетте футболға қатысты арнайы заң қабылданған. Осы саладағы жүйесіздік пен жүгенсіздікті реттеу үшін бәлкім бізге де қаржының тиімді жұмсалғанын ашық бақылап, футбол туралы заң қабылдайтын уақыты келген шығар, - деді сенатор.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама