Депутат грант бөлудегі өзгерістер әлеуметтік шиеленіс тудыруы мүмкін деп санайды
Төлемісов өзгеріс енгізуге асықпауға шақырды
Сенатор Амангелді Төлемісов университеттерге грантты саралап бөлу студенттер арасында әлеуметтік шиеленіс тудыруы мүмкін екенін айтты, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Депутаттық сауал премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсеноваға жолданды.
Сенатор Үкімет жоғары оқу орындарын (ЖОО) жоғары, орта және мақсат лигасы деп жіктеп, білім сапасын тәуелсіз бағалауды ұсынғанын еске салды. Осылайша, ЖОО-ларға грант сараланып беріледі деп жоспарланып отыр.
Амангелді Төлемісов мұндай өзгеріс білім беру жүйесіне кері әсерін тигізеді деген пікірде.
Бұл мамандарды даярлаудың сапасына кері әсер етеді. Барлық лигаға бірдей лицензиялық талап болған жағдайда құны әртүрлі мемлекеттік грант бөлу қисынсыз. Дифференциациялауды бұлай жүргізу әділеттілік принципін бұзады, - деді депутат.
Сондай-ақ сенатор бұл реформа студенттер арасында әлеуметтік шиеленіс пен теңсіздік тудыруы ықтимал екенін атап өтті.
Олардың университеті қай лигада екеніне байланысты болса, бұл түлектердің жұмысқа орналасуына әсер етуі мүмкін. Сондықтан реформаның жалпы білім беру жүйесі мен студенттерге салдары тимеу үшін бұл өзгерістерді мұқият қарап, жан-жақты талқылау керек, - деді Амангелді Төлемісов.
Осыған байланысты депутат халықаралық тәжірибені жан-жақты зерттеуді ұсынды.
Үкімет еліміздің ғылым және жоғары білім беру жүйесін жетілдіру жөнінде елеулі қадамдар жасады және бұл реформаларды толық көлемде іске асырылуы үшін уақыт қажет екені белгілі. Жоғары оқу орындарын лигаға саралауды енгізуде асығыстық жасамауымыз қажет, - деді сенатор.