Өңірлерде балалар омбудсмендерінің жаңа құрамы жасақталды

Қымбат Елтайқызы

Олар жастар арасынан сайланды

фото: Halyq Uni

Балалардың құқықтарын қорғаудың және олардың ел өміріне қатысуын қамтамасыз етудің жаңа тетіктерін енгізу мақсатында әр өңірде балалар омбудсмендерінің жаңа құрамы жасақталды, деп хабарлайды Halyq Uni.

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, оған жоғары сынып оқушылары, мектеп парламентінің көшбасшылары, белсенділер, еріктілер қатарынан 40 жастар өкілі енді. Бұл бастама бала құқығын іске асыруға әрі өзін-өзі басқару қызметі арқылы балалардың қоғамдық өзгерістерге белсенді қатысуына бағытталған.

Балалардың дауысы ересектерге жетуі тиіс және олар өздерінің әл-ауқатына әсер ететін барлық мәселе бойынша шешім қабылдауға қатысуға құқылы. Балалардың өз құқығын білуі әрі түсінуі, оларды жүзеге асыруы, қорғауы үшін қолайлы жағдай жасау маңызды. Балалар өкілдіктері балалардың әл-ауқатын қамтамасыз етудің маңызды құралының біріне айналады, – деді Оқу-ағарту министрлігі Балалар құқығын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Юлия Овечкина.

Балалар өкiлдiктерi өз қатарластарының құқығын қорғау, олардың әлеуметтiк бастамаларын қолдау жөнiндегi өзектi проблемаларды шешуге жәрдемдесіп, балалар мүддесі үшін мемлекеттiк саясатты қалыптастыруға, балалық шақ мәселелерi бойынша нормативтiк құқықтық актiлердi әзiрлеуге балалардың интеллектуалдық әлеуетiн тартуға, балалар ортасында құқықтық мәдениеттi, азаматтық көзқарасты және әлеуметтiк жауапкершiлiктi қалыптастыруға қатыса алады. Сондай-ақ, балалар омбудсмендері балалар құқығы жөніндегі өңірлік уәкілдермен ынтымақтастықта жұмыс жасау арқылы барлық бала мүдделерін неғұрлым тиімді қорғауға атсалысады. Балалар омбудсменіне сайлау жыл сайын өткізіледі.