Жетімдерге арналған арнайы бағдарлама әзірлеу ұсынылды
Қазір баспана кезегінде 62 мыңнан аса жетім тұр
Сенатор Геннадий Шиповских жетімдерге арналған арнайы бағдарлама әзірлеуді ұсынды, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Депутаттық сауал премьер-министр Олжас Бектеновтің атына жолданды.
Оның айтуынша, қолданыстағы мемлекеттік бағдарламаға қарамастан жетімдер мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар үшін баспана мәселесі өзекті болып отыр.
Жетім балаларға баспана алуға жеңілдік қарастырылған. Алайда олардың бәріне бірдей баспана беріле бермейді. Мысалы, 2022 жылы кезекте тұрған 61 471 жетімнің 852-сі ғана баспана алды, ал 2023 жылы 62 290 мұқтаж адамның 809-ы ғана баспанаға ие болды, - деді Геннадий Шиповских.
Сенатор жетімдер арасында жұмысқа орналасу көрсеткіші төмен екенін жеткізді.
Өкінішке қарай бүгінде орта мектепті бітірген жетім балалардың жұмысқа орналасу көрсеткіші көңіл көншітпейді. Еңбек министрлігінің мәліметінше, биыл мансап орталықтарының квотасы шеңберінде барлығы 4 275 адам жұмысқа орналасты, оның 85-сі ғана жетім. Жастар арасында жұмыспен қамту шараларымен 188 663 адам қамтылса, оның небәрі 56-сы жетім балалар, - деді депутат.
Геннадий Шиповских өзі ата-анасынан ерте айырылғанын айтып өтті.
Мен балалар үйінің тәрбиесін көрдім. Бұл мәселелерді іштен білемін десем артық болмас. Ондағы жолдастарыммен осы күнге дейін араласып тұрамыз. Менің атыма жетімдерден көптеген өтініш түседі. Олардың басым бөлігі жоғарыда айтылғандай баспана алу мен жұмысқа орналасу мәселесіне қатысты, - деді Геннадий Шиповских.
Депутат премьер-министрге жетім балаларға тұрғын үйді күту мерзімін қысқартатын арнайы бағдарлама әзірлеуді, сондай-ақ оқуды аяқтағаннан кейін оларды жұмысқа орналастыру үшін дербес бағдарламаны іске қосуды ұсынды.