Түркістанда 16 млн теңге қарызы бар жүргізуші анықталды
Оның берешегі қайдан келгені белгілі болды
Түркістан облысының тәртіп сақшылары 16 млн теңге қарызы бар көлік жүргізушісін анықтады, деп хабарлайды Halyq Uni.
Polisia.kz мәліметінше, сақшыларға республикалық маңызы бар Шымкент – Самара тасжолында іздеуде жүрген Haval көлігінің банк есебінде өтелмеген 16 миллион теңгеден астам қарызы бар екені белгілі болды. Ақпарат бойынша бірден іске кіріскен патрульдік полиция батальонының қызметкері аталмыш көлікті тоқтатты.
Белгілі болғандай, ер адамның банкке несие бойынша қомақты қарызы бар болып шықты. Ол соңғы 9 айдан бері қарызын төлемей жүргендіктен, тәртіп сақшыларына сот орындаушысынан қаулы келіп түскен. Көлік Ордабасы ауданындағы арнайы айыптұраққа қойылды, – делінген ақпаратта.
Полиция облыс тұрғындарына қандай да бір төленуі тиіс берешегі болса, уақытылы өтеуге шақырады. Сондай-ақ, кез келген құқық бұзушылық үшін заң аясында шара қабылданатынын еске салады.