Ұлытау облысының әкімі жоспарын жариялады

Дастан Жұмабекұлы

Өңірде үш мәселе өзекті болып тұр

фото: inbusiness.kz

Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы алдағы жоба-жоспары туралы ақпарат берді.

Ол Ұлытау өңірінде бірінші кезекте қолға алынатын негізгі шаруаларды атады. Оның айтуынша, ең әуелі Қызылорда - Жезқазған тасжолын созбай, тездетіп бастап, бітіру. Екіншіден, экология мәселесімен айналысу.

Облыс әкімі 16 маусым күні Ұлттық кеңестің құрылтайында Мемлекет басшының алдында осы мәселені көтеретінін айтты.

Сонымен бірге ол Жезғазған қаласының, жалпы өңірдің ауызсу мәселесін жақсарту керектігін ескертті.

Облыста инфрақұрылымдар әбден тозған. Жаңаарқа, Сәтпаев, Ұлытау, Жезқазған – бәрінде де кәріз жүйесі, су құбырлары ескірген. Осының бәрін Үкіметтің қолдауымен, «Қазақмыс» коропорациясымен бірігіп, тез арада шешуді мақсат етіп отырымыз, - деді облыс әкімі.

Сондай-ақ, Берік Әбдіғалиұлы өңірді дамыту үшін инвесторларды тарту мәселесін атап айтты. Оның айтуынша, халық санының көбеюіне байланысты тұрғын үй, Қаражалда жол мәселесі, Жаңаарқада жаңа кәсіптер ашу, Ұлытаудағы су, электр проблемаларымен айналысу керек.

Облыс әкімі осы жұмыстарды істеу үшін қосымша қаражаттың керектігін, өйткені оларды істеу үшін 2-3 жыл уақыттың кететінін айтты.