Экология министрі бұйрығымен қазақы ит тұқымдарының стандарттары өзгертіледі
Экология және табиғи ресурстар министрінің «Қазақы ит тұқымдарының стандартын бекіту туралы» 2023 жылғы 30 наурыздағы №101 бұйрығына өзгеріс енгізу туралы» бұйрық жобасы «Ашық НҚА» порталында жарияланды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Құжатта төбеттің шығу тегі жаңадан енгізіліп, малды, мүлікті және адамдарды сүйемелдеп, қорғайтыны жазылған.
Сондай-ақ жаңадан қысқаша тарихи анықтамасы берілген. Онда осы тұқымның тарихы ежелгі дәуірден бастау алатыны, еуразиялық дала кеңістігінде көшпелі және жартылай көшпелі мал шаруашылығы мәдениетінің қалыптасуымен байланысты мал бағатын бөрібасар иттерді пайдалану қажеттілігінен туындағаны айтылады.
Одан бөлек, бас сүйегінің пошымы толық сипатталып, жаңадан енгізілген.
Мәселен, бас сүйегі жоғарыдан қараған кезде үшкіл тәрізді болады, ол қабақтан бастап құлақ аймағына дейін кеңейеді, содан кейін желке төмпегіне қарай тарылады (желкесі біршама артқа шығыңқы). Қас үсті доғалары, төбе сүйектің қыры, желке төмпегі дамыған.
Маңдайы: кең, жалпақ, ортасында кішкене ойығы бар. Бүйірден қараған кезде бас сүйегінің жоғарғы қыры түзу көрінеді. Алдыңғы жағынан қараған кезде үстіңгі жағы жалпақ немесе біршама дөңгелектелген болып көрінеді.
Маңдайдан тұмсыққа өту аймағы тегіс, аздаған ойық көрінеді.
Кемшіліктері: басы жеткілікті ірі және ұзын емес. Бас сүйек құлақ аймағында жеткілікті кең емес. Шүйдесі тегістелген. Қас үсті доғалары айқын емес. Маңдайдан тұмсыққа сәл күрт ауысқан.
Сонымен қатар жалпы түрі бойынша дене тұрқының қандай болатыны, дене мүшелерінің қалай жетілетіні, өлшемдері, сипаттары, мінез-құлқы/темпераменті және басқа да мәліметтер толықтырылып қазақша жазылған.
Қоғамдық талқылау 20 қарашаға дейін жалғасады.