Не үшін бұндай шара қабылданғаны белгілі болды
Қазақстанда жыл басынан бері 500-ге жуық құқық бұзушы әуе рейстерінен түсірілді, деп хабарлайды Halyq Uni.
Polisia.kz мәліметінше, осы жылдың 10 айында көліктегі полиция департаментінің қызметкерлері түрлі әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін 483 жолаушыны актімен әуе рейстерінен түсіріп алды. Оның ішінде алкогольдік ішімдіктерді ішкені және қоғамдық орындарға мас күйінде келгені үшін – 245, ұшақ бортында темекі шеккені үшін – 179, ұсақ бұзақылық жасағаны үшін – 28 тұлға әрі басқа да заң бұзушылықтар жасаған азаматтар діттеген жерлеріне жетпеді.
Мәселен, Алматы қаласы әуежайындағы желілік полиция бөлімінің қызметкерлері Шымкент-Алматы бағытындағы әуе рейсінен ұшақ командирінің актісі бойынша деструктивті жолаушыны түсіріп алды. Тексеру барысында көлік полицейлері Шымкенттің 28 жастағы тұрғынын анықтады. Ол ұшақ бортында электронды темекі шегіп, спирттік ішімдіктер ішіп, балағат сөздер айтқан болып шықты, – делінген ақпаратта.
Құқық бұзушы қоғамдық орындарға мас күйінде келгені, әуе кемесінің бортында темекі өнімдерін тұтынғаны және ұсақ бұзақылық жасағаны үшін 55 АЕК (203 060 теңге) мөлшерінде айыппұл салу арқылы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ұсақ бұзақылық бойынша материал шешім қабылдау үшін сотқа жолданды.