Қостанай облысындағы ауылда төтенше жағдай жарияланады

Ербол Тұрымбет

Ауылда жылу қазандығы жарылған 

Фото: Астана қаласы әкімдігі

Қостанай облысы Амангелді ауылындағы объекті деңгейінде техногендік сипаттағы төтенше жағдай жарияланады, деп хабарлайды Halyq Uni.

Ауылдағы №2 қазандықта болған жарылысқа байланысты объекті деңгейінде техногендік сипаттағы төтенше жағдай жариялау туралы Амангелді ауданы әкімі шешімінің жобасы «Ашық НҚА» порталында қоғам талқысына шығарылды.

Айта кетейік, 6 қарашада ауылдағы мәдениет үйінің жеке қазандығы аумағында қазандық жарылып, артынша ғимарат опырылып құлады. Құтқарушылар үйінді астынан 1969 жылы туған ер адамды алып шыққан. Оны Арқалық қаласындағы өңірлік ауруханаға жеткізу мәселесі шешіліп, санавиация арқылы ауруханаға жеткізілген.

Қазір жылу жүйесін қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр. Ал оқыс жағдай кесірінен жылусыз қалған үйлер электр қуаты арқылы жұмыс істейтін жылыту құрылғыларымен қамтамасыз етілген.

Жарылған қазандық 2022 жылы ғана орнатылған. Ол аудан орталығындағы 2 қабатты үш тұрғын үйді және сот, мұражай, мәдениет үйін жылытып тұрған.