Ол осылайша мемлекетке шығын келтірді
Қапшағай су қоймасында заңсыз балық аулаған браконьер құрықталды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Polisia.kz мәліметінше, «Браконьер» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізу аясында Қонаев қаласында табиғатты қорғау полициясының қызметкері Қапшағай балық инспекциясы бөлімінің бас мамандарымен бірлесіп, 5 қарашада Еңбекшіқазақ ауданының тұрғынын қолға түсірді. Ер адам осы аймақтағы тыйымға қарамастан, Қапшағай су қоймасында моторлы қайық пен моножіпті торды пайдаланып заңсыз балық аулаған.
Ұсталған кезде құқық бұзушыдан салмағы 32,6 кг балық тәркіленіп, мемлекетке 376 мың теңге шығын келтіргені анықталды. Заңсыз балық аулау фактісі қалалық полицияда тіркелді. Ал тәркіленген балық арнайы қабылдағышқа өткізілді – дейді Қонаев қаласы ПБ ЖПҚБ ТҚТ инспекторы Мұрат Құдайбергенов.
Браконьерліктің жолын кесу бойынша профилактика жүргізу – Алматы облысының табиғи ресурстарын қорғаудағы негізгі бағыттардың бірі. Бұл табиғатты қорғау полициясы және басқа да мүдделі қызметтердің үйлесімді жұмысының арқасында балық әрі басқа да табиғи ресурстарды заңсыз алу жағдайларын жедел анықтау мен жолын кесуге себепкер болып отыр.