Тергеуде көптеген заңбұзушылық болды, – дейді жәбірленушінің анасы
«Хуторлықтар» атты ұйымдасқан қылмыстық топтың жетекшісі деп танылған Хасан Қасымбаевтан зардап шеккен Арман Әлімовтің анасы баспасөз конференциясында оқиғаның мән-жайын айтып берді, деп хабарлайды Halyq Uni Orda.kz-ке сілтеме жасап.
Оның айтуынша, Хасан Арманға басқа ауданның адамдарын өзіне қарсы қойды деп ашуланған. Осыдан кейін Хасанның адамдары Арманның үйін аңди бастаған. Кейін оны ұрып-соғып, көлікке салып, алып кеткен.
Қазан айының соңында бізді Алматы облысының полиция департаментіне ескі іс бойынша шақырып, қайтадан жауап алды. 2021 жылғы 17 маусымда ұлымды соққыға жығып, ұрлап әкетті. Оны адам жоқ жерге апарып, соққыға жығып, қинаған. 3 жыл бойы сот процестері жалғасты, енді іс қайта ашылған сияқты. Біз куәлік бердік, ал ұлым қылмысты ұйымдастырушы ретінде Хасан Қасымбаевты көрсетті, – деді Арман Әлімовтің анасы.
Оның айтуынша, Әлімовті ұрып-соғып, ес-түссіз айдалаға тастап кеткен. Есін жиған соң, ол інісіне қоңырау шалған. Інісі оны алып кетіп, ауруханаға жеткізгеннен кейін үйінде оларды полиция қызметкерлері күтіп алған. Сонымен қатар, Арманды ұрып-соғу кезінде Хасан видеобайланыс арқылы барлығын бақылап отырған. Кейін ол өзі де оқиға орнына келіп, кейін қалғандарымен кетіп қалған.
Ұлым 3 апта бойы ауруханада жатты, осы уақыт ішінде полиция тарапынан оған арыз бермеу үшін қысым көрсетілді. Алғашында іс бұзақылық бабы бойынша қозғалды, бірақ қоғам тарапынан қысым болғандықтан, ол адам ұрлау бабына ауыстырылды. Айқын дәлелдерге қарамастан, әділдікке қол жеткізу ұзақ уақытқа созылды. Тергеуде көптеген заңбұзушылық болды, – дейді жәбірленушінің анасы.
Сондай-ақ кінәлілер бастапқыда бұзақылық бабы бойынша 1,5 жылға бас бостандығынан айырылған. Алайда тергеу изоляторында болған уақыт есепке алынып, олар сол сәтте-ақ бостандыққа шығарылған. Іс айыпталушылар басқа қылмыспен ұсталғанда ғана қайта қаралыпты. Оларды адам ұрлады деп айыптап, топ болып адам денсаулығына ауыр зиян келтіргені үшін тағы 2 жыл бас бостандығынан айыру жазасы қосылды.
Осы айдың басында Арман Әлімовті полицияға қайта шақырып, Хасан Қасымбаевқа қатысты тағы да сұрақтар қойған. Енді Қасымбаевты адам ұрлау және ауыр дене жарақатын қасақана келтіру бабы бойынша 7-8 жылға бас бостандығынан айыруы мүмкін.