Жүргізуші куәлігіне емтихан тапсыруға жаңа ережелер енгізілді

Халық үні

Жаңашылдық түрлі алаяқтықтың алдын алу мақсатында енгізіліп отыр

фото: Halyq Uni

Мемлекеттік корпорация жүргізуші куәлігіне теориялық емтихан тапсыру жүйесіне өзгерістер енгізіп жатыр. Енді ол құжатқа үміткерлер екі факторлы аутентификациядан өтеді, деп хабарлайды Halyq Uni «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ-қа сілтеме жасап.

Үміткерлер емтихан тапсыруға СМС хабарламаның көмегімен және биометриялық жүйе арқылы жеке басын растағаннан кейін жіберіледі.

Тестілеу басталар алдында қызметті алушыға 1414 нөмірінен дербес деректерге қол жеткізуге сұрау салатын хабарлама түседі. SMS қолданушының электрондық үкімет порталының жеке кабинетіне тіркелген телефон нөміріне жіберіледі, - делінген хабарламада.

Сондай-ақ мұндай жаңашылдықтың түрлі алаяқтықтың алдын алу мақсатында енгізіліп отырғаны атап өтілді.

Хабарламада өзіңіз екеніңізді дәлелдеу үшін растау кодын басасыз. Содан кейін бізде теория сыныбына кірген кезде қай компьютерге отыратыныңыз сол жерде белгілі болады. Екі факторлы растау жүйесі жол апатын азайтуға да септігін тигізуге тиіс, - деп атап өтті Алматыдағы мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының басшысы Асет Тұрғымбаев.

Жаңа бастама Астана қаласында 11 қазаннан бастап енгізіледі.

Еліміздің мамандандырылған ХҚКО-да екі факторлы аутентификацияны жыл соңына дейін кезең-кезеңімен енгізу жоспарланған, - делінген ақпаратта.