Депутаттар әйелдер үшін жұмыс күнін қысқартуды ұсынды

Дәурен Ерболат

Бұл отбасы институтын нығайтуға септігін тигізеді

фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі

Мәжілістегі «Ауыл» партиясы фракциясының депутаттары Қазақстанда әйелдер үшін жұмыс күнін қысқартуды ұсынды, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Депутат Қарақат Әбденнің айтуынша, 2023 жылы еліміздегі мемлекеттік қызметкерлер арасындағы әйелдердің үлесі – 55,7%, ал басшы қызметіндегі әйелдердің үлесі тіпті аз 20,3% болған.

Тәуелсіздік алғаннан бері саяси лауазымы бар әйелдердің үлесі 15%-дан асқан емес, - деді ол премьер-министр Олжас Бектеновтің атына жолдаған депутаттық сауалында.

Осыған байланысты депутат «Ауыл» фракциясының атынан үкіметке өз ұсынысын жолдады:

  1. Гендерлік теңдік, гендерлік квоталарды орындау және әйелдердің басшылық қызметтегі үлесін арттыру жөніндегі басқа да мәселелер бойынша мониторинг пен есептіліктің ұлттық жүйесін құру. Әрине, әйелдерді басшылық лауазымдарға тағайындау кезінде тек олардың құзыретіне сүйеніп, іске асырылуы керек.
  2. Мемлекеттік қызмет жүйесі мен квазимемлекеттік сектордың барлық деңгейінде әйелдер көшбасшылығының ұлттық бағдарламасын іске қосу. Бұл жағдайда өңірдегі әйелдерге назар аударылуы керек. Себебі, олардың мүмкіндігі шектеулі.
  3. Скандинавия елдерінің тәжірибесін назарға алып, әйелдер үшін қысқартылған жұмыс күнін енгізуді қарастыру. Бұл отбасы институтын нығайтып, жұмыс істейтін әйелдер бала тәрбиесіне көбірек көңіл бөле алады.
  4. Бала күтімі бойынша инфрақұрылымды дамыту. Яғни, тәулік бойы жұмыс істейтін балабақшалар мен жұмыс орнында балалар бөлмесін ашу.
  5. Декреттік демалысты 2 жылға дейін ұзарту.
  6. Жұмыс орнындағы әйелдердің құқығын қорғау үшін заң аясында шараларды күшейту.