Елімізде Alaqan биометриялық верификация жобасы кең тарай бастады

Қымбат Елтайқызы

Бұл – қазақстандық стартап

фото: Halyq Uni

Қазақстандық стартап Alaqan биометриялық верификация жобасы мемлекеттік мекемелерде кең тарап жатыр, деп хабарлайды Halyq Uni.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мемлекеттік органдар мен Alaqan Technologies стартапымен бірлесіп, мемлекеттік мекемелерде Alaqan алақан іздері бойынша биометриялық верификация жүйесінің пилоттық жобасын енгізіп жатыр. Бұл жоба мектептер әрі балабақшалардағы балалар қауіпсіздігін арттыруға, мемлекеттік мекемелердегі қызметкерлердің кіріп-шығуын бақылауға және бюджет қаражатының мақсатсыз жұмсалуын болдырмауға бағытталған, деп мәлімдеді цифрлық даму министрлігі.

Қазіргі таңда Alaqan жүйесі Шымкент қаласы әкімдігінде, «Азаматтарға арналған үкімет» КЕАҚ-та, сондай-ақ бірнеше мектеп пен балабақшаларда орнатылған. Бұл технологияның мақсаты – балалардың құқығын әрі қауіпсіздігін қорғау, қызметкерлердің кіріп-шығуын тіркеу, сондай-ақ бюджет шығынын арттыратын жалған жазбаларды анықтау, – деп қосты ведомство.

Бүгінгі таңда жоба Ақмола облысындағы 91 мектепті және Ақтөбе облысындағы 68 мектепті қамтиды. Пилоттық режимде ол Батыс Қазақстан, Түркістан мен Қарағанды облыстарының бір мектебінде енгізілді. Алдағы екі жылда Қарағанды облысының 150 мектебінде жүйені орнату жоспарланып отыр.

Сонымен қатар, «Артспорт» әрі «Дарабала» жобасы аясында Alaqan жүйесі Көкшетаудың 19 қосымша білім беру нысанына баруды есепке алу үшін сәтті пайдаланылып келеді. Енгізу нәтижесінде биылғы наурыздан бастап бюджет қаражатын үнемдеу 60 миллион теңгеден асты.

Бүгінгі таңда жүйеде 124 мыңнан астам оқушы және 10 мыңға жуық мектеп қызметкері тіркелген. Оң нәтижелерді ескеріп, жобаны стратегиялық маңызды объектілерге кеңейту мүмкіндігі қарастырылып отыр, – деп толықтырды министрлік.

Alaqan стартапы туралы толықтырсақ, компания 2020 жылдан бастап биометриялық шешімдерді, соның ішінде Alaqan Pay, Alaqan Mektep пен Alaqan Business жүйелерін әзірлеумен айналысады. Жүйеде 250 мың белсенді қолданушы бар, айына 6 миллионнан астам сәйкестендіру жүргізеді. Стартап Қазақстанда белсенді дамып, Грузия, Армения нарықтарын игеріп жатыр, сондай-ақ Африка, Оңтүстік-Шығыс Азия әрі Сауд Арабиясына кеңейуді жоспарлап отыр.