Депутат кәсіпкерлерге тергеу жүргізетін органдар санын қысқартуды ұсынды
Абзал Құспан тексерістің көптігі кәсіпкерліктің дамуына кедергі келтіретінін айтады
Мәжіліс депутаты Абзал Құспан Маңғыстау облысында құқық қорғау органдары тарапынан кәсіпкерлерге қысым жоғары екенін, сондықтан бизнестің жауапкершілік шегін заң аясында нақты анықтауды ұсынды, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Депутаттық сауал Бас прокурор Берік Асыловқа, премьер-министр Олжас Бектеновке жолданды.
Абзал Құспанның пікірінше, бүгінде кәсіпкерлердің құқығын қорғау мәселесі өзекті болып отыр.
«Бизнесмендерге қатысты тергеу жүргізу құқығы Қазақстанда бірнеше құқық қорғау органының құзыретінде: арнайы прокурорлар, ішкі істер органдары, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Экономикалық қылмыстарға қарсы күрес агенттігі (ҚМА), Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет (Антикор). Олар бизнесті тергеуге қатысу өкілетке ие.
Бұл құрылымдардың көптігі бизнесті қорғау саласындағы тәртіпті нығайтуға кедергі келтіреді. Бірнеше органның бір салада өкілеттілікке ие болуы тергеу жұмыстарының қайталануына, кәсіпкерлердің заңсыз тексерілуіне және негізсіз әкімшілік қысымға әкеліп жатыр. Осыған байланысты, құқықтық саясат тұжырымдамасының орындалуын қамтамасыз ету міндеті жүктелген Үкімет кәсіпкерлерге қатысты тергеуді жүргізетін органдар санын қысқарту бағытында нақты шаралар қабылдауы қажет», - деді депутат.
Оның айтуынша, бүгінде кәсіпкерлерді әуреге салудың кең тараған тәжірибесінің бірі – субмердігердің төлемеген салығы үшін бас мердігер компанияны тексеру.
«Тексерулер әдетте бірнеше айға созылады. Бұл кәсіпкерлерге артық әкімшілік жүктеме артып, олардың заңды құқығын бұзады. Салық заңнамасының орындалуын қадағалау – салық органдарының тікелей міндеті. Бас мердігерді субмердігердің салық міндеттемесі үшін жауапкершілікке тарту әділетсіз және кәсіпкерлікке заңсыз қысым көрсетуге әкеледі», - деді Абзал Құспан.
Сондай-ақ Маңғыстау облысында да кәсіпкерлерге қысым жасала бастаған.
«Маңғыстау өңірі әлеуметтік-саяси тұрғыда сезімтал аймаққа жатады. Мұндағы жағдай біздің ерекше алаңдаушылығымызды тудырады. Облыста жоғарыда аталған құқық қорғау органдары бизнес субъектілеріне қылмыстық істер қозғаудан қазір жарыс жүріп жатқандай әсер қалдырады. Мұндай жағдай кәсіпкерліктің дамуына кедергі келтіріп қана қоймай, жалпы аймақтағы әлеуметтік тұрақтылыққа да теріс әсер етеді», - деді депутат.
Абзал Құспан Үкімет пен Бас прокуратурадан көмек сұрады.
«Премьер-министрден кәсіпкерлерге қатысты тергеу жүргізетін органдар санын қысқарту және салықтық тексерулерге қатысты бизнес субьектілердің жауапкершілік шегін анықтау бағытында нақты заңнамалық шаралар қабылдауды;
Бас прокурордан Маңғыстау өңіріндегі құқық қорғау органдарының өкілеттіктерін үйлестіру арқылы кәсіпкерлерді негізсіз қысымнан қорғау үшін шұғыл шаралар қабылдауды сұраймыз», - деді ол.