Бұнда қос диплом алу мүмкіндігі де болады
Алматы қаласында түрік білім, ғылым және мәдениет орталығы ашылды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Алматы гуманитарлық-экономикалық университетінде (АГЭУ) Дюзджe университетінің Түрік білім, ғылым және мәдениет орталығының ресми салтанатты ашылуы өтті. Іс-шараға Дюздже университетінің ректоры, профессор, доктор Недим Сербия мен Түркия консулы Рэйзан Ажар қатысты, деп мәлімдеді Ғылым және жоғары білім министрлігі.
Орталық Қазақстан мен Түркия арасындағы білім беру әрі мәдени байланыстарды нығайту үшін жаңа көкжиектерді ашу негізінде құрылды. Студенттерге түрік тілін тегін үйренуге, қосымша инклюзивті білім беру бағдарламасына қатысуға әрі қос диплом алуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, екі ел арасында білім мен тәжірибе алмасуға ықпал ететін бірлескен ғылыми зерттеулер мен білім беру іс-шараларын өткізуге арналған алаң болмақ, – деп қосты ведомство.
Тараптар білім беру сапасын арттыруға әрі халықаралық өзара іс-қимылды кеңейтуге бағытталған бірлескен жобалар мен бастамаларды дамыта отырып, ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ниет білдірді.