Қазір Ақмола облысында осындай 4 отбасы жұмыс істеп жатыр
Мәжіліс отырысында Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан ата-ананың қарауынсыз, тұрмыстық қиын жағдайда қалған балаларды қабылдаушы отбасы институтын заңға енгізу мәселесін түсіндіріп берді, деп хабарлайды Halyq Uni.
Балалар осындай жағдайға тап келген кезде олар балаларды қолдау орталықтарына, яғни, интернаттарға орналастырылады. Қандай да бір отбасыда өмір сүрген бала үшін бұл стресс. Сондықтан заң жобасы арқылы арнайы дайындықтан өткен, аккредитациядан өткен отбасылар таңдалып, балалар соларға уақытша орналастырылады. Бұл отбасылар 24/7 режимінде жұмыс істейді, яғни кез келген уақытта осындай жағдай бола қалған жағдайда балаларды қабылдауға, оларға отбасылық қамқорлық көрсетуге дайын болуға тиіс, - дейді Еділ Оспан.
Оның сөзінше, қабылдаушы отбасыларға түскеннен кейін бірінші кезекте балаларды әрі қарай өзінің тұрақты отбасына орналастыру механизмдері жұмыс істейді. Яғни, балаларды қабылдап алатын ата-анасының жақын туыстары іздестіріледі.
Ал заңда жақын туыстар тізімі нақты көрсетілген. Олар: атасы, әжесі және ата-анасының туған бауырлары мен апа-қарындастары. Мұндағы негізгі саясат – ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды жақын туыстарына беру.
Қабылдаушы отбасылар бойынша заң жобасын әзірлеу барысында пилот өткіздік. Осы заң жобасында бірқатар норма ұсынылып отыр. Бірінші, мұндай отбасыларды психологиялық диагностикадан өткізу. Одан кейін оларды оқыту, аккредитациядан өткізу. Мұндай шараны Ақмола облысында өткіздік. Қазір осы тәсілмен 4 отбасы жұмыс істеп жатыр. Олар бала қабылдауға дайын, тәжірибелі, балалармен жұмыс істеуге машықтанған отбасылар, - дейді ол.
Вице-министрдің сөзінше, заң жобасы қабылданған жағдайда бұл норма заңды күшіне енгенше 6 ай уақыт керек. Жергілікті әкімдіктер осы аралықта заңнамада белгіленген тәртіпке сәйкес, қабылдаушы отабсыларды дайындайды. Осылайша норма кезең-кезеңімен енгізіледі.
Айта кетейік, білім беру және баланың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша 2 кодекс пен 5 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілмек.