Halyq Uni логотип
×

«Ешкім білген жоқ»: полицей екі адамның өмірін құтқарғанын айтты

Оның ерлігін осы кезге дейін ешкім білмеген

 Дастан Жұмабекұлы 14.06.2022 | 16:24
«Ешкім білген жоқ»: полицей екі адамның өмірін құтқарғанын айтты
фото: polisia.kz

Былтыр 22 қазан күні астанада Қайрат Нариманов есімді тәртіп сақшысы екі адамның өмірін құтқарып, ерлік жасаған еді. Бұл туралы еш жерде жарияланбады. Бірақ, полицейлер жарты жылдан астам уақыт өтсе де, Қайрат Наримановтың сол кездегі ерлігі ұмытылмай тұрғанда БАҚ өкілдеріне мәлімет беріп, жариялауды жөн көрді.

Ол Polisia.kz порталына былтыр 22 қазанда демалыста жүргенде 12-қабаттан секіргісі келген 21 жастағы келіншек пен оның бір жарым жастағы баласының өмірін сақтап қалғанын айтты. Алайда, ол адамның өмірін құтқарғанын ерлікке баламайтынын атап өтті.

Порталдың хабарлауынша, сол күні ол балаларын балабақшадан әкеле жатқанда  астананың тұрғын үй кешендерінің бірінде балконнан аяғын салбыратып, секіргісі келіп тұрған әйелді байқайды. Жаны қыл үстінде тұрған келіншек өзі ғана емес, кішкентай сәбиін де қоса алып кетпекші болған. Сол кезде прлицей еш ойланбастан үйге қарай жүгіріп, 12-қабатқа көтеріліп, жас ана мен оның баласын аман алып қалады.

Мен ерлік жасаған жоқпын. Бұл оқиғаны ешкім білген жоқ. Оны ерлік деп айтпаймын. Тағдыры тәлекке түскен жандарға қол ұшын созу, өмірлерін арашалау – менің жұмысым ғана емес, парызым, міндетім, – деді аға инспектор сол кездегі оқиғаны еске алып.

Сол кезден бері міне, жарты жылдан астам уақыт өтсе де Қайрат Нариманов осы оқиға туралы ешкімге айтпаған. Оны әріптестері де енді ғана біліп отыр. Ал ол өзінің қарапайымдылығымен жер-жаһанға жариялап та жатқан жоқ. Тек өз қызметін барынша адал атқарып келеді. Бүгінде ол Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаментінің Жылдам қимылдайтын арнайы жасағында қызмет етеді.

Қайрат Қарағанды облысы Нұра ауданы Кертінді ауылында туған. Қарағанды «Фемида» заң академиясында заңгер мамандығын оқып бітірген. Ішкі істер органдарында қызмет етіп жүрген жылдарда міндетін адал атқарғаны үшін «ІІО үздігі» төсбелгісімен, ерлік танытқаны үшін бағалы сыйлық – сағатпен марапатталған. Сонымен қатар ол әскери самбо және дайдо джуку кудо сияқты спорт түрлерінен Қазақстанның спорт шебері. Халықаралық аренада түрлі додаларда еліміздің туын желбіретіп жүрген үздік спортшы, абыройлы сақшы. Қызметтік, азаматтық антына адал тәртіп сақшысы.

Қазіргі ол ұл мен қыз тәрбиелеп отырған ардақты әке, қамқор жар, үлгілі отағасы.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама