Жұмыс істеп жүрген зейнеткерлердің зейнетақысы тоқтатыла ма – министр жауабы
Жақыпова Конституция бойынша зейнеткерге берілетін төлемді алуға ешкімнің құқығы жоқ екенін айтты
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова «Қазақстанда жұмыс істеп жүрген зейнеткерлердің зейнетақысы тоқтатылады» деген мәлімдемесін түсіндірді, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Үкіметтің баспасөз орталығында журналист министрден «Жақында Қазақстанда жұмыс істеп жүрген зейнеткерлердің зейнетақысын тоқтатуды ұсындыңыз. Бұл ұсыныңыз зейнеткерлерді біраз алаңдатып қойған секілді. Өз ұсыныңызды неге негіздейсіз?» деп сұрады.
Светлана Жақыпова журналистер ақпаратты қазақстандықтарға дұрыс жеткізбегенін атап өтті.
Өткен аптада Еңбек ресурстарын дамыту орталығында брифинг өткіздім. Онда сұрақ қойылды. Сол кезде жауап контекстен жұлынып алынған. Мен зейнетке шығудың 2 тәсілі барын айттым: зейнетке ерте шығу және кейінге қалдыру. Орысша «право раннего выхода и право отложенного выхода» дейді. Бұл тек ұсыныс. Даярланған заң жобасы, Үкіметпен келісілген ештеңе жоқ, - деді ведомство басшысы.
Министр биыл және келесі жылы зейнетақы саласында реформалар қарастырылмағанын жеткізді.
Бұған дейін осында «Зейнетақы жүйесінде реформалар бола ма?» деген сұрақ қойылды. Онда біз сіздерге «Биыл және келесі жылы салада реформалар қарастырылмаған» деп нақты айттық. Қазір біз болжам жасап, еңбек нарығын қарастырып отырмыз. Биыл еңбек нарығына 300 мың жас келді. Оларға да жұмыс орындары керек. Сондықтан сарапшылар осындай ұсыныс беріп отыр, - деді Светлана Жақыпова.
Ведомство басшысы жұмыс істеп жүрген зейнеткерлер бұрынғыдай зейнетақысын ала беретінін, ешқандай өзгеріс болмайтынын айтты.
Менің сөзім зейнетке ерте шығу және кейінге қалдыруға қатысты болды. Бұл тек ұсыныс. Конституция бойынша зейнеткерлердің зейнетақысын алуға ешкімнің құқығы жоқ, - деді министр.