Министр не себепті мүгедек балалар саны артқанын түсіндірді
Қазірге дейін 23 мың жүкті әйел тегін тексерістен өтті
Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова кейінгі жылдары Қазақстанда мүгедек балалардың саны неге өскенін түсіндірді, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, қазір елімізде мүгедектігі бар 732 мың адам тұрады. Бұл халықтың жалпы санының 3,6%-ы.
Мүгедектігі бар балалар арасында көп кездеседі:
- жүйке жүйесі аурулары – 26,6%;
- туа біткен ақаулар – 25,1%;
- психикалық бұзылулар – 22,4%.
Ал денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова кейінгі 3 жылда балалар арасындағы мүгедектік 11%-ға өскенін айтты.
Оның себебінің бірі – ерте диагностика әдістерінің қайта қаралуы. 2021 жылдан бастап аутизмге байланысты жаңа скрининг енгізілді. Осыған қарамастан әлі проблемалар бар. Бұл – туа біткен аномалияның әлі де жоғары болуы. Қазір 10 өңірде жүкті әйелдерді клиникалар арқылы бір күнде генетикалық және туа біткен ақауларды ерте анықтауға мүмкіндік беретін жұмыс басталып кетті.
Осыған уақытқа дейін 23 мың әйел тегін толық қаралды. Осы уақытқа дейін 201 жүктілік, яғни туа біткен аномалиясы бар жүктіліктің алды алынды. Осындай жұмыстар жалғасады, - деді министр Үкімет отырысында.
Ведомство басшысы мәселе ғылыми тұрғыдан зерттелетінін жеткізді.
Мүгедектік көрсеткішінің өсу себебіне байланысты 2025-2027 жылдарға арналған ғылыми жобаларға Ғылым және жоғары білім министрлігіне тиісті ұсыныстарды жолдадық. Олар қолдау тапса, келесі жылы мәселе ғылыми тұрғыда зерттеледі, - деді Ақмарал Әлназарова.
Премьер-министр Олжас Бектенов бұл бағыттағы жұмысты күшейтуді тапсырды.