×

Қазақстан коронавирусты жеңді ме? - Денсаулық сақтау министрінің жауабы

Ол барлық қазақстандыққа коронавирусқа қарсы вакцина алуға кеңес берді

 Дәурен Ерболат 14.06.2022 | 16:03
Фото: Halyq Uni

Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиниятқызы Қазақстанда эпидемилогиялық жағдай тұрақты болғанына қарамастан тұрғындарды сақ болуға шақырды, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

«Бүгінде коронавирус инфекциясының таралуы бойынша жағдай тұрақталды. Әлемде вирустың таралуы төмендеп келеді. Елімізде бір тәулікте коронавирусты жұқтырудың 10-15 дерегі тіркеліп жатыр. Коронавирус басқа жедел респераторлық вирустық инфекция сияқты халықтың арасында таралуда», - деді министр Үкімет кулуарында.

Оның айтуынша, «коронавирусты жеңдік» деген мәлімдемені Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жасайды.

Бүгінде ДДСҰ-ның бас директоры Тедрос Адханом Гебрейесус COVID-19 вирусын жеңе алмаймыз деп мәлімдеді, - деді министр.

Сондай-ақ ол елімізде 2,5 млн вакцина бар екенін атап өтіп, тұрғындарға екпе алуға кеңес берді.

«Қазір күніне 20 мыңдай адам вакцина алып жатыр. Күзде жедел респераторлық барлық инфекцияның жұқтыру дерегінің көбейіп, эпидемиологиялық жағдайдың ушығуы ықтимал. Осыған байланысты барлық қазақстандыққа коронавирусқа қарсы вакцина алуға, ревакцинация жасатуға кеңес беремін», - деді Ажар Ғиният.

Айта кетейік, бүгінде Қазақстанда COVID-19-ға қарсы вакцинаның 3 түрі бар: Pfizer, Sinopharm, QazVac. Пандемия басталғалы бері елімізде 1 млн 305 мың 874 адам коронавирус жұқтырды, сондай-ақ 1 млн 292 мың 97 адам вирустан айықты.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама