Екібастұзда тойда уланған 16 адам мейрамхана иесін сотқа берді

Халық үні

Барлығы 94 адам уланған

фото: khab-vesti.ru

Биыл сәуірде той үстінде тамақтан уланып қалған 16 адам Екібастұздағы Grand Hall мейрамханасының иесінен жалпы сомасы 6 млн теңге талап етіп отыр, деп хабарлайды Halyq Uni.

Улану дерегінен кейін Екібастұз қалалық ауруханасына 90-ға жуық адам барып қаралған болатын. Өңірлік денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің хабарлауынша, олардың барлығында тамақтан улану және бактериалды-ішек инфекциялары белгілері болған.

Павлодар облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқығын қорғау департаменті басшысының орынбасары Нұрсұлу Әубәкірованың айтуынша, тамақтан ұшынған 16 адам қазір мейрамхана иесін сотқа беріп, материалдық және моральдық шығын өндіріп алмақ ниетте.

Бұл азаматтардың барлығы улану оқиғасынан соң екі аптадай стационарлық ем қабылдаған. Қымбат дәрі-дәрмек сатып алған. Ауруға байланысты жұмыста бола алмай, табыстарын жоғалтқан. Қазір сот істі қарап жатыр. Аталған тойда барлығы 94 адамның тамақтан уланғаны анықталып отыр. Біразынан сальмонеллоз анықталды. Мейрамхананың сол уақытта рұқсатсыз жұмыс істеп тұрғаны да белгілі болған. Сальмонеллоз сонда жұмыс істейтін қызметкерден жұққан, - дейді Нұрсұлу Әубәкірова.

Қазір кәсіпкерлік нысанын полиция тексеріп жатыр. Олар аталған оқиғада қылмыстық әрекеттің болу-болмауын анықтайды.