×

Түрмедегі тіршілік: Петропавлда жазасын өтеушілер нан пісіріп, құрт жаяды

Көлікті үш рет мас күйде айдаған азамат тапқан табысының бір бөлігін отбасына жіберіп отыр

 Самат Жақып 14.06.2022 | 15:24
фотолар: Halyq Uni

Петропавл түрмесінде жазасын өтеушілер тәулігіне 1200 бөлке нан пісіріп, 15 келіден астам құрт әзірлейді. Мұнымен қоса сотталғандар  киім тігіп, тіпті бау-бақша да өсіреді, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Қылмыстық атқару жүйесінің ЕС-164/3 мекемесінде жазасын өтеушілердің басым бөлігі жұмыспен қамтылған. Бүгінгі күні аталған колония қарамағынан жеті азамат кәсіпорын ашқан. Соңғысы  шамамен осыдан бір ай бұрын жұмысын бастады. Ол- құрт өндірісі. Әзірге Петропавлдағы колония еліміз бойынша құрт жасайтын жалғыз абақты. Себебі мұндай істі қолға алғандар жоқ. Әзір мұнда бес адам екі ауысымда еңбек етіп, жалақы алады. Солардың бірі Қостанай облысының тумасы Арман Мөңкебаев.

«Кәсіпкер бізге күніне 40 келіден астам ірімшік әкеліп береді. Оған біз май, сүт, тұз секілді түрлі қоспаларды қосып араластырамыз. Кейін салмағы 8-10 грамм болатындай етіп, дөңгелек формаға келтіреміз. Жалпы қазақтың ұлттық тағамын қалай жасау керектігін бізге технолог келіп үйретті. Өзім абақтыдағы уақытым текке өтпесін деп осында жұмысқа орналастым. Тапқан-таянғанымның бір бөлігін отбасыма, қалғанын өзіме алып қаламын. Түрмеге осыдан төрт ай бұрын ғана түстім. Ішімдік ішіп, үш мәрте көлік тізгіндегенім үшін сот мені үш жылға бас бостандығымнан айырды. Жұмысқа орналасқалы бері қамаудағы уақыт тез өтетіндей көрінеді. Негізгі мамандығым – агроном», - дейді жазасын өтеуші Арман Мөңкебаев.

Құрт арнайы пешке салынып 30-35 градуста 24 сағат бойы кептіріледі. Одан кейін салмағы өлшеніп, қапталады. Артынша қаладағы бірнеше сауда орындарына жөнелтіледі. Ал, құртқа қажетті шикізатттардың барлығы жергілікті зауыттардан сатып алынады.

«Сәуір айында кәсіпкер келіп, бізге өзінің бизнес идеясын ұсынды. Сәйкесінше оның жоспары бізге ұнады. Біз ғимараттың ішінен орын бөліп бердік. Ол қажетті қондырғыларын әкеліп, жазасын өтеушілерді арнайы оқытты. Бұл тамақ өндірісі болған соң, сотталғандар жұмысқа кіру үшін бірінші кезекте арнайы медициналық тексерістен өтеді. Бұдан соң санитар-эпидемиологтар аумақтың тазалығын қадағалайды. Жауапты мамандардың рұқсатынан кейін ғана олар өз жұмысына кірісе алады. Тиісті талаптар бізде қатаң сақталған. Жалпы қазіргі таңда колонияда 141 азамат еңбек етеді. Олардың көбінің алименті мен мемлекет алдындағы қарыздары бар», - дейді СҚО бойынша ҚАЖД ЕС-164/3 мекемесінің сотталғандардың еңбегін ұйымдастыру бөлімшесінің бастығы Бауыржан Рүстемов.

Солтүстік Қазақстандағы колонияларда бірнеше цех бар. Бұл жерлерде сан алуан бұйым жасалады. Мәселен сотталғандар ат әбзелдерін жасайды. Түрлі киім тігіп, тіпті бау-бақшада жеміс-жидек те өсіреді. Сондай-ақ облыс орталығындағы ЕС-164/3 мекемесінде ер азаматтар күніне 1200 бөлке нан пісіріп, қаладағы колонияларды ас атасымен қамтамасыз етіп отыр. Жалпы қазір өңірде 1600-ден астам адам жазасын өтеп жатыр. Оның 55 пайызы жұмысқа орналасқан. Өңірдегі қылмыстық атқару жүйесі мекемелерінде 14 барлығы кәсіпорын ашылған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама