Теміртауда зейнеткер 11 млн теңгені алаяқтарға аудара жаздаған

Дәурен Ерболат

Ол банк қызметкерлерінің ескертуіне құлақ аспаған

Фото: polisia.kz

Теміртауда полиция зейнеткердің 11 млн теңгені алаяқтарға аударуына жол бермеді, деп хабарлайды Polisia.kz.

Оқиға Қарағанды облысы Теміртауда сағат 14:30 шамасында болды.

Қаладағы шығыс полиция бөлімінің учаскелік инспекторы Евгений Светов әкімшілік аумақта міндетін атқарып жүрген. Осы сәтте оған банктердің бірінің қауіпсіздік бөлімінің қызметкері хабарласып, ер адам несие рәсімдеп жатқанын, оның әрекеті күмәнді екенін айтқан.

Инспектор дереу банкке барып, 64 жастағы тұрғынның 11 млн 200 мың теңге көлемінде несие алуға дайындалып жатқанын анықтады. Бұл қомақты қаражат несие құжатына қол қойылғаннан кейін бірден белгісіз шотқа аударылуы керек болған.

Алайда Евгений Светов банк операциясын тоқтатып үлгерді.

Тергеу барысында белгісіз адам зейнеткерге телефон арқылы хабарласқаны белгілі болды. Ол өзін электр есептегішін орнататын қызметкер ретінде таныстырған. Әңгіме барысында алаяқ тиімді шартпен компаниясына инвестиция салуды ұсынған. Оған сенген зейнеткер банкке барып, несие алмақ болған. Банк қызметкерлері 64 жастағы ер адамды сақ болуға шақырған. Алайда зейнеткер өз жоспарын өзгертпеген, - деп жазылған хабарламада.

Зейнеткер полиция қызметкерімен сөйлескенде ғана алаяққа алданғанын түсініп, несие рәсімдеуден бас тартты.