Үміткер стипендия ала алмаса, ол келесі жылды күтпестен қайта құжат тапсыра алады
Ғылым және жоғары білім министрлігі «Болашақ» стипендиясын алу ережелеріне өзгерістер енгізуді жоспарлап отыр. Енді үміткерлерге уәждемелік хат (мотивациялық хат) жазу қажет. Сондай-ақ, мамандықтар тізімі өзгеріп, тестті қайта тапсыруға рұқсат етілген, деп хабарлайды Halyq Uni.
Уәждемелік хат – үміткер осы салада таңдаған ЖОО мен оның артықшылығын, бұл стипендияны алу қажеттілігін және таңдаған бағыты бойынша алған білімнен күтетін нәтижесін және оларды ары қарай практикада қолдануын негіздейтін, көлемі кемінде 500 сөзден құралған еркін нысанда жазылған эссе.
Ал медициналық анықтаманы тапсыру талаптары алынып тасталған.
Жаңадан «басым бағыттар» ұғымы енгізілген. Ол арнайы мамандықтар тізімінің орнына жүреді. Бұл елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына сай келетін бағыттарды таңдау мақсатында жасалған. Бұл тәсіл ресурстарды стратегиялық маңызды бағыттарға жұмылдыруға мүмкіндік береді. Басым бағыттарға инженерлік және техникалық ғылымдар, медицина, әлеуметтік ғылымдар, су және жер ресурстары және тағы басқа салалар кіреді.
Сонымен бірге, Split PhD дәрежесі енгізіледі. Ол екі серіктес ЖОО базасында: Қазақстанның жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында және шетелдік серіктес ЖОО-да зерттеу жүргізуге мүмкіндік беретін докторантура бағдарламасының моделі.
Ал магистрге дейінгі дайындықты алып тастау ұсынылған, себебі стипендиаттардың университетке қабылданғанын растайтын құжаттар ұсынылған жағдайда бұл дайындықтың қажеттілігі азаяды.
Негізгі деген өзгерістердің бірі – түлектердің шетелде жұмыс істеу мүмкіндігі. Осылайша ел шегінен тыс жерлерде, сондай-ақ, Қазақстан мүшесі болып табылатын және ратификациялаған халықаралық келісімдері бар халықаралық және өңірлік ұйымдарда – кемінде 5 жыл;
Еліміздің дипломатиялық қызмет органдарында шетелде одан әрі пысықтау мүмкіндігімен не бос орындар болған кезде акциялары (жарғылық капиталға қатысу үлестері) Қазақстанға не ұлттық компанияларына тиесілі ұйымдарда, сондай-ақ Қазақстан мүшесі болып табылатын және ратификациялаған халықаралық келісімдері бар халықаралық және өңірлік ұйымдарда ел шегінен тыс орналасқан ұйымдарда – кемінде 5 жыл жұмыс істеуге мүмкіндік туды.
Мұндай ұйымдарға БҰҰ, БҰҰДБ, ШЫҰ, ЕҚЫҰ сияқты халықаралық ұйымдар кіреді.
Бұл түзетулер көптеген дарынды түлектің өз білімін халықаралық және өңірлік ұйымдарда қолдануына мүмкіндік береді әрі бұл ұйымдардағы қызметі міндетті жұмыс өтіліне теңестіріледі.
Сондай-ақ, үміткерлердің қайта қатысуына рұқсат беріледі. Комиссия үміткерге стипендия бекітпеген жағдайда, ол келесі жылды күтпестен сол жылы қайтадан құжат тапсыра алады.
Қаулы жобасы «Ашық НҚА» сайтында 15 қарашаға дейін жарияланған.