Осынша айыппұлды 7 мың адам арқалады
Департамент бастығы – Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Шыңғыс Алекешев ІІМ брифингі барысында ұсақ бұзақылық туралы айтып берді, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Оның айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасымен биыл осындай құқық бұзушылықтар үшін жауапкершілік күшейтілді. Егер мұндай әрекеттер бірінші рет жасалса, онда сот 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға немесе 20 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алуға құқылы. Бұзақылық әрекеттер қайталанып жасалған жағдайда құқық бұзушы әкімшілік қамауға алудың ең жоғары мерзіміне – 30 тәулікке дейін қамауға алынады.
Жыл басынан бері ұсақ бұзақылықтың 16 мыңнан астам фактісі тіркелді. 4,5 мың құқық бұзушы қамауға алынып, 7 мың адамға 441 млн теңге айыппұл салынды, – деп мәлімдеді ол.
Бұған дейін елімізде үш күнде 1260 қылмыс тіркелгені жайлы жазған едік. Сондай-ақ, Қазақстанда көші-қон ережесін бұзған 11 мың шетелдіктің жазаланғаны туралы хабарлаған болатынбыз.