Қазақстанда көші-қон ережесін бұзған 11 мың шетелдік жазаланды
Олар екі айға жуық мерзімде анықталған
Елімізде көші-қон ережесін бұзған 11 жарым мың шетелдік жазаланды. Бұл туралы департамент бастығы – Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Шыңғыс Алекешев ІІМ брифингі барысында мәлімдеді, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Оның айтуынша, «Учаске» жедел-алдын алу шарасы биылғы жылдың 16 қыркүйегінен бастап үздіксіз өткізіліп жатыр. Сол уақыттан бастап тәртіп сақшылары 4 миллионнан астам пәтер мен жеке үйлерді аралап шықты.
Жалға берілетін 7 мыңға жуық пәтер анықталып, олар жайлы ақпарат «салық» органдарына жіберілді. Қоғамдық орындарды ластағаны үшін 10 мың адам, сонымен қатар қоғамдық орындарда балағат сөздер айтқаны және үй мүліктеріне зақым келтіргені үшін 2 мың бұзақы жауапқа тартылды. Түнгі уақытта көшеде немесе ойын-сауық орындарында заңды өкілдерінсіз жүрген екі мың кәмелетке толмаған бала анықталды, – деді ол.
Қазақстанда болу ережелерін бұзғаны үшін 11,5 мың шетелдік жауапқа тартылды. 38 мыңнан астам шаруа қожалығы тексерілді. Объектілерді аралау кезінде өртке қарсы қауіпсіздіктің сақталуына да назар аударылды.
Бұған дейін елімізде үш күнде 1260 қылмыс тіркелгені жайлы жазған едік.