Арнаулы әлеуметтік қызметшілер лицензия алу үшін біліктілігін растап отыруы керек
Бұған дейін мұндай талап үйде арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететіндер үшін қолданылмайтын
Арнаулы әлеуметтік қызметшілер лицензия алу үшін біліктілігін растап отыруы керек. «Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетуге қойылатын біліктілік талаптарын бекіту туралы» Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі бұйрығының жобасы «Ашық НҚА» порталында жарияланды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Құжат жобасының түсіндірмесіне қарағанда сапалы әлеуметтік қызметтерді қамтамасыз етудің негізгі аспектілерінің бірі – кадрлардың біліктілігін үздіксіз арттыру. Тез өзгеретін еңбек нарығы жағдайында еліміздің білім беру жүйесі әсіресе, әлеуметтік жұмыс саласында икемді әрі өзгерістерге дайын болуы қажет.
Біз жаңа қиындықтар мен қажеттіліктерге бейімделе алатын мамандарды дайындауымыз керек. Осыған байланысты арнайы әлеуметтік қызметтер көрсететін мамандардың кәсіби білімін, дағдылары мен құзыреттерін үнемі жаңартып отыру қажеттілігі туындайды, - деп жазылған құжаттың түсіндірме мәтінінде.
Айта кетейік, бұған дейін біліктілік талаптары үйде арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін жеке және заңды тұлғаларға қолданылмайтын. Тек талап етілген кей жағдайда медициналық қызметке лицензияның нотариалды куәландырылған көшірмесін ұсыну қажет еді.
Құжат мәтіні 18 қарашаға дейін қоғам талқысында болады.
Айта кетейік, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, бүгінде халықты әлеуметтік қорғау саласында арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін 35 мың маман жұмыс істейді. Олардың ішінде медицина қызметкерлері, арнайы педагогтар және әлеуметтік қызметкерлер бар. Республика бойынша әлеуметтік қызметкерлер саны 12 704 адамды құрайды, оның 1 251-і үкіметтік емес секторда жұмыс істейді.