Бұрын мемлекеттік құпиямен жұмыс істегендер де шетелге рұқсатсыз шықса жазалануы мүмкін
Комитет мұндай тұлғаларға қатысты заңға толықтыру енгізбек
Бұрын мемлекеттік құпия құжаттармен етене таныс адамдар шетелге рұқсатсыз шыққан жағдайда жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Ұлттық қауіпсіздік комитеті заңға осындай толықтыру енгізгелі жатыр, деп хабарлайды Halyq Uni.
Осыған байланысты «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» кодекстің 504-бабына өзгеріс енгізу ұсынылған. Бұл туралы комитеттің Мәжіліс депутаттарының сұрауына берген жауабында айтылған.
504-баптың екінші бөлігінде мемлекеттік құпиялармен немесе олардың тасымалдаушыларымен жұмыс істеуге рұқсаты бар тұлғалардың құпиялық режимін бұзғаны үшін ол әрекеті қылмысқа жатпаса, әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.
Алайда, комитеттің мәлімдеуінше, бұл бап тек мемлекеттік құпиялармен жұмыс істеуге қазіргі рұқсаты бар адамдарға қатысты қолданылады. Ал бұрын қол жеткізген адамдарға қатысты қолданылмайды. Сондықтан осы тұлғаларды шетелге рұқсатсыз шыққаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тарту мүмкін емес еді. ҰҚК ұсынған түзетулер осы құқықтық олқылықты жоюға мүмкіндік бермек.
Сондай-ақ Ұлттық қауіпсіздік комитеті құпия ақпараттың техникалық қорғалу саласындағы заңбұзушылықтар үшін жауапкершілікті күшейту, құпиялық режимін жүйелі түрде бұзғаны үшін жауапкершілікті күшейту мәселесін қарастырып жатыр.
Комитет «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» кодекстің 504-бабында жекелеген бөліктер ретінде іске асырып, салынатын айыппұл мөлшерін ұлғайтуды орынды деп санайды.
Айта кетейік, бұған дейін Мәжіліс депутаты Марат Башимов кейбір құпия мәлімет білетін адамдардың әлемді аралап, шет мемлекеттердің, шетелдік құрылымдардың басшыларымен кездесіп жүргенін айтты. Соған қарамастан сол әрекеті үшін ешқандай жауапкершілік сезінбейтіндей деген әсер қалдыратынын айтқан.