Алматыда есірткі жарнамалағандар қолға түсті
Есірткі қылмысы азаймай тұр
Алматыда есірткі жарнамалаған екі күдікті ұсталды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Polisia.kz мәліметінше, оны Алматы қаласы Әуезов ауданының тәртіп сақшылары әшкереледі.
Күдіктінің тұрғылықты жерінен есірткі жарнамалаушының құрал-жабдықтары: жапсырмалар, трафареттер, маңдайшалар, әйелдің «жұмыс берушісімен» хат-хабар алмасқан телефоны табылды және тәркіленді. Ол құрықталып, қамауға алынды. Күдіктінің есірткіге тәуелді екені белгілі болды. Ол бұған дейін де қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Есірткіні жарнамалау дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды, – деді Әуезов аудандық полиция басқармасының бастығы Данияр Меңдебаев.
Сондай-ақ, тәртіп сақшылары тағы бір есірткі жарнамалаушыны қолға түсірді. «Учаске» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында учаскелік инспекторлар Розыбакиев көшесіндегі үйлердің бірінде есірткіні жарнамалаумен айналысып, ақша тапқан 44 жастағы жергілікті тұрғынды ұстады.
«Ол ғимарат қасбеттеріне есірткі сату ресурстарының мекенжайлары жазылған жазуларды салған. Өздеріңіз білесіздер, мұндай үгіт-насихат қылмыс болып саналады. Қаскөй құрықталды әрі қамауға алынды. Жақын арада қылмыстық іс материалдары сотқа жолданады», – деді Бостандық аудандық полиция басқармасының бастығы Дидар Аханов.