Ливаннан 41 қазақстандық елге жеткізілді
Операция Ыстамбұл және Дубай арқылы ұйымдастырылған
Таяу Шығыс өңіріндегі шиеленістің күшеуіне байланысты президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Ливаннан Қазақстан азаматтарын және олардың отбасы мүшелерін елге эвакуациялау шаралары жүзеге асырылды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Сыртқы істер министрлігінің мәлімдеуінше, аталған операция Ыстамбұл және Дубай арқылы ұйымдастырылып, 17-31 қазан аралығында Бейруттан Астана мен Алматыға 41 адам аман-есен жеткізілген.
Эвакуация әскери қақтығыс аймағында қалған Қазақстан азаматтарының құқығы мен мүдделерін қорғау мақсатында жүргізілді, - деп хабарлады министрлік.
Айта кетейік, бұған дейін Таяу Шығыстағы жағдайдың ұшығуына байланысты министрлік қазақстандықтарға аталған өңірдегі ахуал тұрақтанғанға дейін Израиль мен Ливанға барудан уақытша бас тартуға кеңес берген еді.
Кейін сол аймақтағы қақтығыс салдарынан зардап шеккен немесе қаза тапқан қазақстандықтар тіркелмегенін мәлімдеді.