Halyq Uni логотип
×

Түрмеге жазықсыз қамалған азамат ақталып шықты

Оны бала кезінен бірге өскен досы сатып кеткен

 Дастан Жұмабекұлы 14.06.2022 | 14:31
Түрмеге жазықсыз қамалған азамат ақталып шықты
Көрнекі фото

Атырауда 5 жылға бас бостандығынан айырылған азамат Жоғарғы соттың үкімімен ақталып шықты.

ATPress.kz-тің хабарлауынша, Жылыой ауданының тұрғыны былтыр есірткі саудасына қатысы бар деген күдікпен ұсталып, аудандық соттың үкімімен бес жылға бас бостандығынан айырылған болатын.

Алайда, сот үкімімен келіспеген айыпталушы өзінің жазықсыз екенін айтып, апеляциялық сотқа шағымданыпты.  Бірақ, одан да нәтиже болмай, үкім күшінде қала берді.

Соған қарамай ол Жоғарғы сотқа сенді. Абырой болғанда  үміті ақталып,  бүгінде ол бостандыққа шықты.

ATPress.kz порталына берген сұхбатында атын Самат деп айтуды өтінген азамат

2021 жылдың 18 маусымы күні полиция қызметкерлерінің заңсыз әрекетімен жазықсыз қамалып, 5 жылға бас бостандығынан айырылғанын айтты.

«Менің кінәсіз сотталуым ең бірінші анама ауыр тиді. Сол себепті заңның алдында адалдығымды дәлелдегім келіп, қорғаушым Жандос Бейсеновтің көмектесуімен  Жоғарғы сотқа арыздандық»,  деді ол.

Оның айтуынша, ол марихуана тәріздес шөптің темекі ішіне салынған 2 данасын көшеден тауып алып оны, жолдастарына көрсеткен. Куә болғандардың арасында жақын досы да болған. Ал әлгі досы есірткінің бір данасын сұрап алып, оны полиция қызметкерлеріне тапсырып, белгісіз есірткіні досынан сатып алғанын айтыпты.

«Осының бәрін алдын ала ұйымдастырғанын  кейін түсіндім, себебі мен оған есірткі шөпті тауып алғанымды айтқанмын. Бұл жерде досым менен бір данасын алып, ал полиция қызметкеріне 2 дана қылып тапсырған. Оны кейін маған байқатпай түсірген бейнежазбасынан да көрдік. Неге екені белгісіз, досым «Екі данасын сатып алдым» деп маған  нақақ жала жауыпты. Бұл жерде  жоддас жігітімнің бұрын есірткі затымен ұсталғанын білетін полиция қызметкерлері оны маған әдейі жіберген деп ойлаймын», - деді ол.  

«Иса менің бала күнгі досым еді, оны өзі кірген лас іске мені де қатысы қылып шығарады деген ой үш ұйықтасам түсіме кірмепті. Досымның сатқындығы жазықсыз темір торға қамалып, тар қапас түрмені көруіме себеп болды, онда кінәсіз отырудың өзі денсаулығыма әсер етіп, күйзеліске ұшырадым. Жалалы болудың қандай ауыр екенін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес екен», - деді айыпталушы одан әрі.

Ол үйдегі жалғыз бала екен.  Әкесі қайтыс болып, жалғыз анасы ғана қалған.

«Қай жағдайда да күресе білу керек. Сона ғана мақсатыңа жетесің. Осыған көзім жетті. Өзім сияқты әділдік іздеген жандарға айтарым, сенімсіздіктен арылу керек. Менің көз жеткізенім - Жаңа Қазақстанда әділдіктің салтанат құра бастағанын айтқым келеді. Өйткені, заңгерлердің айтуынша, бұндай істер қайда жүгінсең де көбіне-көп өзгеріссіз сол күйі қалады екен. Ал, бұл жолы Жоғарғы сот істі жан-жақты саралап, әділ үкім қылды.   Енді ары қарай өзіме келтірілген шығындар мен моральдық өтемақыны талап ететін боламын», - деді Самат.

Саматтың ақталып шығуына оның адвокаты, Атырау облысының адвокаттар алқасының мүшесі Жандос Бисенов көп көмектесті. Ол қорғауындағы азаматтың бұл іске ешқандай қатысы жоғын айтты.

«Мен қылмыстық іспен танысқанымда қорғауымдағы азаматтың жазықсыз екенін анық байқадым. Өйткені, оның кінәлі екенін дәлелдейтін ешқандай дәйек жоқ. Қай нәрсені болмасын саудалау үшін сату мен сатып алу рәсімі, яғни, белгілі бір тауардың бағасы, сатып алушы мен сатушының талаптары болады. Ал, бұл жерде есірткі саудасы болды деп нақты айту үшін екеуара мәміле болғандығы жайлы ақпарат қажет. Бұндай мәліметтер жоқ», - деді заңгер.

Енді Саматты заңсыз жауапқа тартқандар  жазалануы мүмкін. Бүгінде толықтай ақталып шыққан Самат қызметіне қайта орналасты.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама