Елімізде Neo Nomad визасы енгізілді
Жаңа виза әлемнің 50-ден аса елінде бар
Қазақстанда президенттің тапсырмасы бойынша Neo Nomad атты жаңа виза енгізілді, деп хабарлайды Halyq Uni.
Виза қашықтан жұмыс істейтін туристерге, яғни бағдарламалау, маркетинг, қаржы, консалтинг, дизайн және электронды сауда сынды салаларда еңбек етіп жүрген шетелдіктерге арналған.
Neo Nomad визасын алу үшін шетелдік Қазақстаннан тыс жерде тұрақты кірісінің бар екенін дәлелдеуі керек. Табысы айына 3 мың доллардан кем болмауы шарт. Сондай-ақ шетелдіктің медициналық сақтандыруы және сотталмағаны туралы анықтамасы болуы қажет.
Туризм және спорт, Сыртқы істер, Ішкі істер министрліктері және басқа да мемлекеттік органдардың бірлескен жұмысының нәтижесінде Қазақстан заманауи көшпенділердің саяхат картасына енді. Жаһанда 35 млн-нан аса заманауи көшпенді бар. Сондықтан біз оларды елімізге тарту үшін барлық жағдайды жасауысыз керек. Әсіресе, Астана мен Алматы нео-көшпенділер үшін тартымды 150 қаланың қатарына кіреді, – деді Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов.
Neo Nomad визасы шетелдіктерге Қазақстан мәдениеті мен тұрмысын жақынырақ тануға мүмкіндік береді. Сондай-ақ визаны жылына 500 адам алады деген болжам бар. Нәтижесінде экономикаға шамамен 3,6 млрд теңге түсуі мүмкін. Шетелдіктердің елімізде жұмыс істеуі отандық еңбек нарығына әсер етпейді.