4 мыңнан аса адамның құқығы қалпына келтірілді
Мемлекеттік қызмет істері агенттігі жанындағы Қоғамдық кеңестің отырысында мемлекеттік қызметкерлердің құқығын қорғау және мемлекеттік органдарда жұмыс уақыты режимінің сақталуын қамтамасыз ету бойынша биылғы 9 айда атқарылған жұмыс нәтижелері қаралды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Агенттіктің 9 ай ішіндегі бақылау жұмыстарының нәтижесінде 15 мыңға жуық заңбұзушылықтар анықталып, оның қорытындысы бойынша лауазымды адамдар тәртіптік және әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 4221 мемлекеттік қызметкердің бұзылған құқығы қалпына келтірілді, – делінген ведомство хабарламасында.
Сондай-ақ, белгіленген кезеңде жұмыс уақытына жүргізілген мониторинг нәтижесінде 2,3 мыңнан астам мемлекеттік қызметкердің құқығы қорғалды. Оның ішінде 2 мыңнан астамы қосымша демалыс сағаттарын алса, қалғандарына ақшалай өтемақы төленді және икемді жұмыс уақыты режимі белгіленді. Бүгінде 1862 мемлекеттік қызметкер икемді жұмыс кестесін пайдаланады.