Ақтауда анасы ашу үстінде қызын ұрып өлтірген

Динара Амантай

Ол 8 жылға бас бостандығынан айырылды

Фото: Halyq Uni

10 маусымда Ақтау қалалық соты кәмелетке толмаған қызын өлтіруіне байланысты И. есімді азаматшаға қатысты қылмыстық істі қарады. Бұл туралы қалалық соттың баспасөз қызметі хабарлады.

Іс материалдарына сәйкес, ағымдағы жылдың 4 қаңтарында әйел кәмелетке толмаған қызын ұрып, күшпен итеріп жіберген. Бала ішін үстелдің бұрышына соғып, салдарынан гематома пайда болды. Арада төрт күн өткенде, яғни 8 қаңтарда таңғы сағат 02:00 шамасында анасы ашу үстінде қызының іш тұсынан тағы да жұдырықпен ұрған. Артынша ол баланы үйіне қалдырып, өзі кетіп қалған. Екі жарым сағаттан кейін жас бала алған жарақаттан қайтыс болды.

Сот-медициналық сараптамасының қорытындысына сәйкес, Н. есімді қыз іш тұсына алған соққы нәтижесінде туындаған қан кетуден көз жұмды, – делінген хабарламада.

Сот үкімімен әйел ҚР Қылмыстық кодексінің 106-бабының 3-бөлігі «Абайсызда жәбірленушінің өліміне әкеп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру» бойынша кінәлі деп танылып, 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол жазасын орташа қауіпсіздіктегі қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтейтін болады.