Алайда Қазақстанға ғана тиесілі нөмірлер де болады
Қазақстан Үкіметі Ресей Үкіметімен арадағы дүниежүзілік нөмірлеудің 7-ші аймағын бірлесіп пайдалану туралы келісімнің жобасын мақұлдады. Бұл туралы «Юрист «ПАРАГРАФ» телеграм-арнасы жазды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Дегенмен, Қазақстан ғана пайдаланатын мынадай нөмірлер аралығы болады: 000-099, 600-699, 700-799. Ал 100-199, 800-809 және 881-899 аралығындағы нөмірлерді Ресеймен бірлесіп қолданады.
Айта кетейік, 2021 жылы Қазақстан «+997» жеке халықаралық телефон кодын өзіне бекіткен болатын. Алайда жаңа кодқа көшу қаржылық және технологиялық қиындықтарға әкеп соқтыратын болды. Сөйтіп одан бас тарту туралы шешім қабылданды.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев Сенат отырысынан кейін осы мәселеге қатысты журналистердің сұрағына жауап беріп, санкциялар бойынша алаңдайтын ештеңе жоқ екенін айтты.
Ортақ кодқа қатысты санкция болмайды. +7-ні бірге қолданатынымыз анық. Бірақ осы «+7» аясында тек Қазақстанға ғана тиесілі қосымша нумерациялар бар. Мысалы, «+77», «+76» және осыларға қоса тағы «+70» бойынша да келіскелі жатырмыз, – деді министр.
Оның сөзінше, министрлік сарапшылардың түрлі талқысына, бағалауына құлақ асқан. Ал сарапшылар қауымы бұл ойдың еш жақсылық әкелмейтініне сендірген.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанның «+997» телефон кодына 2025 жылдың қаңтарына дейін толық көшетінін жазған едік.
Артынан министрлік «+997» жаңа телефон кодынан неге бас тартқанын түсіндірді.