Елімізде 47 мың оқушыға адам папиллома вирусына қарсы вакцина салынды
Жатыр мойны обырының 75%-ы АПВ-ның екі түрінен туындайды
Қазақстанда 47 мыңнан аса қыз адам папиллома вирусына қарсы вакцина салдырды. Бұл туралы денсаулық сақтау министрлігі Halyq Uni ресми сауалына берген жауабында мәлімдеді.
28 қазандағы ақпарат бойынша, республикада 47 мыңнан астам қыз балаға вакцина салынды. Оның ішінде 11 жастағы – 27 мыңнан астам қыз, 12-13 жастағы – 19 мыңнан астам қыз бар, - делінген ресми жауапта.
Ал өңірлер ішінде Түркістан облысы мен Алматы, Астана, Шымкент қаласы белсенділік танытып отыр. Мұнда 3 мыңнан 10 мың оқушыға дейін вакцина салдырған. Ал басқа аймақтарда 500-ден 2 мыңға жуық қызға вакцина салынған.
Айта кетейік, Қазақстанда адам папилломасы вирусына қарсы вакцинаның 4 түрі тіркелген. Олар:
- АПВ-ның 16, 18-ші түрінен қорғайтын «Глаксо Смит Кляйн» (Бельгия) компаниясы шығарған «Церварикс» 2-валенттік вакцинасы;
- АПВ-ның 16, 18-ші түрінен қорғайтын Қытай халық республикасының «Цеколин» 2-валенттік вакцинасы;
- АПВ-ның 6, 11, 16, 18-ші түрінен қорғайтын «Мерк Шарп және Доум» (АҚШ) компаниясы шығарған «Гардасил» 4- валентті вакцинасы;
- АПВ-ның 6, 11, 16, 18, 31, 33, 45, 52, 58-ші түрінен қорғайтын «Мерк Шарп және Доум» (АҚШ) компаниясы шығарған «Гардасил 9» 9-валенттік вакцинасы.
Барлық тіркелген вакциналар қауіпсіз және АПВ-ны жұқтырудан туындаған онкологиялық аурулардан тиімді қорғайды. Зерттеу нәтижелеріне сәйкес жатыр мойны обырының 75%-ын АПВ-ның 16 және 18-ші типтері тудырған. АПВ-ның басқа түрлері жеңіл таралатын және емделуі қиынға соғатын гениталий сүйелдерінің пайда болуын туындатады.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы, Қазақстан Республикасындағы халықты иммундау жөніндегі сарапшылардың Ұлттық техникалық консультативтік тобының ұсынымдарын, басқа елдердің тәжірибесін ескере отырып Қазақстан АПВ-ға қарсы төрт валентті вакцина қолданып отыр, - деп мәлімдеді министрлік мамандары.
Айта кетейік, бұған дейін мамандар он адамның сегізі адам папилломасы вирусын жұқтыруы мүмкін екенін айтты.
11-13 жас аралығындағы қыздар инфекция жұқтыруға бейім болады. Адам папилломасы вирусы (АПВ) тек жыныстық жолмен берілмейтінін түсіну керек. Вирус тұрмыстық жолмен, қол арқылы да беріледі. АВП ылғал жерде жиі тарайды. Кішкентай қыздар бассейнге, моншаға барады. Физиологиялық тұрғыдан инфекцияны жұқтыру дейгейі жоғары болып келеді. 10 адамның сегізі адам папилломасы вирусын жұқтыруы мүмкін, бірақ оның бәрі ауру болмайды. Оның ішінде 1-2 адам ауруға душар болады. Бұл – 25 жасқа дейінгі қыздар мен жігіттердің арасында өте жиі кездесетін инфекция. 25 жасқа дейін иммунитеті болуы үшін, инфекцияны жұқтырмауы үшін вакцина керек, - дейді акушер-гинеколог Жанерке Әжетова.
Маманның айтуынша, көптеген ел вакцина салу үшін 11-13 жастағы қыздарды таңдап отыр.