×

«Әлеуметтік салаға 9,8 трлн теңге бөлінеді». Мәжіліс бюджет туралы заң жобасын қабылдады

Өңірлерді дамытуға 7,5 трлн теңге қарастырылған

 Дәурен Ерболат 30.10.2024 | 17:30
Фото: Halyq Uni

Мәжілістің жалпы отырысында «2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң қабылданды, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Қаржы министрі Мәди Такиевтің айтуынша, 2025 жылға түсімдер осы жылмен салыстырғанда 1,2 трлн теңгеге ұлғайып, 21,7 трлн теңге деңгейінде болжанды.

2025 жылы бюджет тапшылығы жалпы ішкі өнімге шаққанда 2,7% деңгейінде ескерілді. 2027 жылға қарай бұл көрсеткіш 1,9%-ға дейін төмендейді. 2025 жылы бюджет тапшылығы 25,8 трлн теңге болады. Бұл биылмен салыстырғанда 1,7 трлн теңгеге көп, - деді министр.

Заң жобасын талқылау барысында халықтың өмір сүру сапасын арттыруға және өңірлерді дамытуға бағытталған бірқатар ұсыныс енгізілді.

Бюджет шығыстары бірнеше бағытты қамтыды.

Бірінші бағыт – әлеуметтік саланы дамыту. Бюджет өткен жылдардағыдай әлеуметтік салаға бағдарланған болып қала береді. 2025 жылы әлеуметтік саланың шығыстары осы жылға қарағанда 862 млрд теңгеге ұлғайып, 9,8 трлн теңге көлемінде жоспарланды. Оның бюджет шығыстарындағы үлесі – 38%», - деді Мәди Такиев.

Әлеуметтік сала, білім беру мен денсаулық сақтау жүйесіне басымдық беріледі.

Бірінші басымдық – әлеуметтік қамтамасыз ету және азаматтарға әлеуметтік көмек көрсету. 2025 жылға әлеуметтік төлемдерге арналған шығыстар – индекстеу мен төлемдерді алушылар санының ұлғаюын ескеріп, 6 трлн теңге сомасында қарастырылған;

Екінші басымдық – білім беруді дамыту. 2025 жылы бұл бағытқа шығыстар биылғы деңгейінен 73 млрд теңгеге ұлғайып, 1 трлн теңге болды;

Үшінші басымдық, халық санының өсуі мен науқастар санының артуын ескеріп, тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі мен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында халықты медициналық көмекпен қамтуды ұлғайту.

Денсаулық сақтау жүйесіне 2025-2027 жылдарға арналған шығыстар 7,6 трлн теңге болады. Оның ішінде биылмен салыстырғанда бөлінетін қаржы 180 млрд теңгеге ұлғайып, 2025 жылға 2,4 трлн теңге қарастырылды. Жалпы 2025 жылы тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне 1,6 трлн теңге сомасында шығыстар жоспарланды. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына 675 млрд теңге, оның ішінде мемлекеттік жарналарға 668 млрд теңге көзделді, - деді министр.

Сондай-ақ 2025 жылы туризм мен спортты дамытуға республикалық бюджет шығыстары – 141 млрд теңге, ал мәдениет пен ақпаратты дамытуға 165 млрд теңге жоспарланды.

«Екінші бағыт – өңірлерді қолдау. 2025 жылы өңірлерге республикалық бюджет қаражаты есебінен 7,5 трлн теңге бөлінеді. Бұл сома осы жылмен салыстырғанда 405 млрд теңгеге артық.

Үшінші бағыт – экономиканың нақты секторын дамытуды қолдау. 2025 жыл бұл бағыт бойынша 2,1 трлн теңге қарастырылған. Оның ішінде мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес агроөнеркәсіптік кешенді дамыту күшейтілді. Осы бағытқа 2025 жылы биылмен салыстырғанда 30%-ға ұлғайып, 635 млрд теңге қарастырылды. Көлік саласын дамытуға 2025 жылы 568 млрд теңге бөлу жоспарланған. Онда автожол саласын дамытуға  423 млрд теңге көзделді. 2025 жылға арналған күш құрылымдарының шығыстары 109 млрд теңгеге ұлғайып, 2,7 трлн теңге көлемінде жоспарланып отыр», - деді Мәди Такиев.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама