«Ең аз тапсырыс 250 келіге дейін»: қант іздеген жұрт интернет алаяқтарына алданып жатыр
Тіпті көліктегі қап-қап қантты бейнетаспаға түсіріп те көрсеткен
Қат тауарға айналған қант тапшылығы алаяқтардың табыс көзіне айналды. Оны «көтерме бағамен сатамыз» деген интернеттегі жарнамаға жұрт жаппай алданып жатыр. Ақшасын аударған соң «саудагерлерді» таппай қалып әуре.
КТК телеарнасының хабарлауынша, қазір Таразда бұл мәселе күйіп тұр. Жақында әлеуметтік дүкенге тауар әкелгенде ентелеген жұрт дүкеншілерді таптап кете жаздаған. Осы сәтті пайдаланып, оңай олжа табуға тырысқан алаяқтар көбейген. Олар интернет арқылы арзан бағаға қант сатылатынын айтып, жұртты қызықтыратын жарнама жариялай бастаған. Тіпті көліктегі қап-қап қантты бейнетаспаға түсіріп те көрсеткен.
Қантты еш жерден таппаған соң, интернеттен іздедік. Көзге «50 келілеп бір-ақ сатылады» деген хабарландыру ілікті. Ватсап арқылы ғана қоңырау шалуға болады. Телефон көтерген жігіт «ең аз тапсырыс 250 келіге дейін ғана» екенін айтты. Көршілеріммен бірге телефонына ақша салып, енді оларды таппай отырмыз, - дейді Тараз қаласының тұрғыны Юлия Гемон.
Алаяқтарға алданғандарға әзірге ешкім көмектеспеген. Полиция алғашқыда арызды қабылдамапты. Түрлі деңгейдегі құзырлы органдарға шағымданған соң ғана алаяқтарды іздеуге уәде берген. Әзірге қанша адамның қант аламыз деп алданғаны белгісіз.