×

14 өңірде террористік қауіптің «қызыл» деңгейі жойылды

Яғни, қазір бұл аймақтарда жағдай тұрақты

 Халық үні 13.01.2022 | 12:00
фото: Әсет Құндақбаев (Алматы)

Терроризмге қарсы күрес жөніндегі республикалық жедел штаб Нұр-Сұлтан, Шымкент қалалары, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қызылорда, Қостанай, Маңғыстау, Павлодар, Солтүстік Қазақстан мен Түркістан облыстарының аумақтарында терроризмге қарсы операцияның аяқталғаны және террористік қауіптің шекті «қызыл» деңгейінің жойылғаны туралы хабарлайды.

Ал Алматы қаласы, Алматы мен Жамбыл облыстарында жаппай тәртіпсіздік кезінде террористік және өзге де қылмыстық әрекетке қатысы бар адамдарды анықтау әрі ұстау бойынша шаралар іске асып жатыр, – деді Ұлттық қауіпсіздік комитеті.

Тиісінше аталған өңірлерде терроризмге қарсы операция жалғасып, террористік қауіптің шекті «қызыл» деңгейі сақталып отыр.

Атап өтсек, 2 қаңтарда Жаңаөзенде басталған наразылық акциясы басқа қалаларда да жалғасты. 4 қаңтарда Алматы қаласында басталған митингтің ертеңі дүрбелеңге, қанды оқиғаға ұласты.

Осы жағдайға байланысты барлық аймақта төтенше жағдай режимі енгізіліп, президент Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымына мүше елдердің басшыларынан террорлық сын-қатерді еңсеруде көмек сұрады. Мемлекет басшысы «Алматыға 20 мың террорист шабуылдады» деген пікір айтты.

6 қаңтарда Ұлттық қауіпсіздік комитеті қылмыстық кодекстің 175-бабы 1-бөлігі бойынша мемлекетке опасыздық жасау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстарын бастады. Сол күні осы қылмысты жасау күдігімен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімов пен басқа тұлғалар ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама