Саясат Нұрбек кейінгі 3 жылда магистратураға бөлінетін грант саны өзгермегенін айтты
Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова магистратура мен докторантураға түсушілерге талап жеңілдетілгенін айтып, білім сапасының төмендейтініне алаңдаушылық білдірді. Депутат Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектен грант санын емес, білім сапасын арттыруға қандай шаралар қабылданып жатқанын сұрады, деп хабарлайды Halyq Uni.
«Жыл сайын бәсекеге қабілетті кадр даярлау үшін бюджеттен қаржы қарастырылады. 2025 жылы дәл осы мақсатқа 526 млрд теңге жоспарланып отыр. Оның ішінде гранттар санын ұлғайту да бар. мысалы, бакалавриатқа 80 мың грант, магистратурада 13 мың грант, докторантурада 2919 грантқа дейін көлемі ұлғайып отыр. Бакалавриаттағы жағдай түсінікті. Магистратура мен докторантураға байланысты бірнеше мәселе туындап отыр. Біріншіден, жыл сайын бұл гранттар игерілмейді. Өйткені үміткер жоқ. Екіншіден, оларды игеру үшін Ғылым және жоғары білім министрлігі негізгі шекті мәнді төмендетіп, жалпы талаптарды жеңілдетіп отыр. 2025 жылы бейінді докторантурада ағылшын тіліне қойылатын талаптар алынып тасталған.
Біз жалпы грант саны емес, грант сапасы арқылы экономикадағы, еңбек нарығындағы білікті кадрларға байланысты мәселені қайта-қайта көтеріп жатырмыз. Оның ішінде магистратура мен докторантураға жалпы академиялық көрсеткіштері жоғары, зерттеуші қабілеті бар азаматтардың келгенін қалаймыз. Ол үшін министрлік механизмдерді қайта қарауы қажет деп санаймыз», - деді депутат Сүлейменова.
Депутат Жұлдыз Сүлейменова Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектен гранттардың сапасын және құнын көтеруге байланысты қандай шара қабылдайтынын сұрады.
Саясат Нұрбектің айтуынша, кейінгі 3 жылда магистратураға бөлінетін грант саны өзгермеген.
«13 мың грант көлемінде тұр. Конкурсымыз жақсы. Кейінгі 3 жылда орта есеппен алғанда 40 мыңға жуық адам тапсырды. Докторантураға келетін болсақ, бұл – президенттің тікелей тапсырмасы және Amanat партиясының сайлауалды бағдарламасы. Ол 2023-2027 жылға нақты белгіленген. Докторантура гранты санын былтырмен салыстырғанда мыңға арттырдық. Докторантура гранты санын жалпы 5 мыңға жеткіземіз», - деді Саясат Нұрбек.
Айтуынша, президент тапсырмасы негізінде өндірістік докторантура енгізіліп жатыр. Сол себепті талаптар өзгертілген.
«Бейіндік докторантураға қатысты талаптарды сәл өзгерттік. Биылдан бастап пилот режимінде өндірістік PhD бағдарламасын енгіздік. Шет тіл білуге қатысты талаптар жойылған жоқ – тек тіл білгенін растайтын сертификаттарға қатысты сәл өзгертілді. Енді тек IELTS, TOEFL ғана емес, Doulingo және басқа да сертификаттарды қабылдайтын болдық. Өндірістік PhD өте жақсы қабылданды, 8 ірі кәсіпорын бізге тапсырыс беріп отыр», - дейді министр.
Саясат Нұрбектің айтуынша, былтыр магистратура құны 16%-ға, докторантура 17%-ға өсті.
«1 млн 900 мың теңгеден бастадық, қазір 2 млн 223 мың теңге. Келесі жылы 2 млн 755 мың теңге болады. Жалпы 2027 жылға дейін докторантура құны 3 млн 325 мың теңгеге дейін өседі. Құны, талаптары және сапасын ұлғайтып жатырмыз. Шетелдік оқу орнының филиалдары да көмек көрсетіп жатыр. Келесі жылдан бастап «Болашақ» бағдарламасы өзгереді – Split PhD бағдарламасын енгіземіз», - деді Саясат Нұрбек.