Қарсыластар миномет мен гранатометті қолданды
Қырғызстан мен Тәжікстанның мемлекеттік шекарасында атыс болды.
Inbusiness.kz-тің хабарлауынша, бір адам қаза тапты.
Тәжікстан әскерилері гранатомет пен минометтерді пайдаланды. Бұл туралы Қырғызстан Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің шекара қызметі хабарлады.
Баткен облысы Баткен ауданына қарасты Бұлақ-Башы ауданында сағат 7.00 шамасында Тәжікстанның Кех шекара заставасынан Бұлақ-Башы шекара бекетіне Қырғызстанның қарулы күштеріне оқ атылды. Жауап ретінде қырғыз жауынгерлері де тәжік бекетіне оқ жаудырды, - делінген хабарламада.
Шекара қызметінің мәліметі бойынша, екі жақтың шекарашылары қару қолданған. Осыдан кейін Қырғызстанның Баткен облысындағы шекара өкілі мен Тәжікстанның Соғды облысындағы шекара өкілі телефонмен сөйлесіп, оқиға орнына барған. Соған қарамастан сағат 7.50-де тәжік сарбаздары гранатомет пен минометтерді қолданып, атысты қайтадан бастаған. Атыс 20 минут соқылып, сағат 8.10-де тоқтаған.
Қазір шекара өкілдерінің кездесіп, мәселені ушықтырмау үшін келіссөз жүргізіп жатыр.