Оқиға коттедждердің бірінде болған
Оралдық 19 жастағы Айару Қанат өзін аяусыз ұрып-соққан жігіттің жазадан құтылып кетуіне наразылығын білдіріп, адвокатымен бірге Бас прокуратураға келді. Сол жерде ол БАҚ өкілдерінен көмек сұрады, деп хабарлайды Halyq Uni.
Оқиға биыл қазан айында Оралдағы коттедждердің бірінде болған. Бойжеткен құрбыларымен бірге туған күн кешіне барып, мас жігіттен зардап шеккен.
7 қазанда құрбыларыммен досымның коттеджіне туған күн кешіне бардық. Сол отырыста Д. есімді қонақ жігітпен сөзге келіп қалдық. Екеуміздің әңгімеміз жараспай, ол кеш бойы маған тиісумен болды. Масайып қалған құрбыларымның естерін жиғанын күтіп, далаға шыққанымда, ол мені соққыға жықты. Аяусыз шашымнан тартып, тепкіледі. Менің дауысымды естіп, жігіттер келіп ажыратып алмағанда, өлтіріп тастауы да мүмкін еді. Жігіттер жүгіріп келгеннің өзінде ол шашымнан ұстап тұрды, – дейді Айару Қанат.
Жас жігіттің соққылары қатты тигендіктен, ол оқиға орнында талып қалған. Содан кейін жедел жәрдем келіп, денесіндегі жарақаттарды көріп, дереу 102-ге хабарласқан. Келесі күні полиция учаскесіне жігіт екеуі де шақыртылған. Бойжеткен содан бері өзін жәбірлеген адамға еш жаза қолданылмағанына наразы.