Олардың барлығы кәмелетке толмағандықтан жағдай қиын болып тұр, - дейді ПД өкілдері
2 қазанда Ақтөбедегі мектеп аймағында колледждің бір топ студенті 11-сынып оқушыларын соққыға жыққан. Зардап шеккен оқушылардың ата-аналары кінәлілердің лайықты жазасын алуын талап етіп отыр, деп хабарлайды Halyq Uni Диапазонға сілтеме жасап.
Жастар арасындағы төбелес №23 мектептің балалар фотбол ойнайтын спорт алаңында болған. Колледж студенттері мектеп оқушыларын ұрып-соғып, екеуін пышақтап кеткен. Оқиғаның қалай болғанын зардап шеккен оқушылар ата-аналарына айтып берген.
Біздің балалар мектеп алаңында футбол ойнап жүрген. Мектептің жанынан колледждің екі топ студенттері өтіпті. Олардың бір тобы, шамаман 15 адам балаларымыздың жанына келген. Төбелесті солар бастаған. Әр оқушыға 4-5 адамнан жабылған. Олардың колледж студенттері екенін кейін білдік. Менің балама бесеуі жабылған. Соққыдан әлсіреп жерге ққұлағанда үш жерінен пышақ сұққан. Сәл болғанда пышақ бүйрекке тиер еді. Досымның ұлына да пышақ сұққан. Тағы бір баланы да оңдырмапты. Оның миы шайқалған, омыртқасына зақым келген. Ол баланың басына секірген көрінеді. Ұлымның айтуынша, студенттердің бірі оның құлағын кесемін деп қорқытқан. Ол басын бұғып, орнынан тұрғанда жабылғандар қашып кеткен, – дейді Шынар есімді ата-ана.
Айтуынша, қаскөйлер қашып кеткен соң балалар жақын маңдағы дүкенге бас сауғалаған. Кейін жедел жәрдем, полиция келген. Соққыға жығылған оқушылардың үшеуі ауруханаға түсті. Жарақаттары ауыр болған.
Жапа шеккен басқа балалар да бар. Бірақ олар арыз жазудан бас тартты. Төбелес болған жерде бейнекамера тұр. Видеодан шабуыл жасаған 7 адамды көруге болады. Бірақ қаскөйлердің саны 15 еді. Арада қанша күн өтсе де ешкім ұсталмады да, анықталмады да. Тергеудің ұзақ уақытқа созылып жатқанына ашулымыз. Бейнежазбаға түсіп қалған 7 адамның екеуі ғана бұзақылық жасады деп айыпталған, қалғандары бостандықта жүр, – дейді ашынған ата-ана.
21 қазанда зардап шеккен 3 оқушының ата-анасы тергеудің әділ өтуін талап етіп, облыстық прокуратураға да барған. Олар Ақтөбе полициясының басшылығымен кездесіп, шағымдарын жеткізді.
Тергеу әділ өтуі үшін барлық шараны қолданып жатырмыз. Төбелеске қатысушылардың барлығы сол түні анықталды. Қазір тергеу жүріп жатыр. Әрқайсысының не істегені анықталып жатыр. Олардың барлығы кәмелетке толмағандықтан жағдай қиын болып тұр. Арасында Шалқар және басқа да аудандардың тұрғындары бар. Олардан тек заңды өкілдерінің қатысуымен ғана жауап алынуы мүмкін. Уақыт керек, – деп мәлімдеді полиция департаментінің өкілдері.