Halyq Uni логотип
×

Атырауда әйелін ұрғаны үшін сотталған экс-әкімнің жазасы жеңілдетілді

Ибрагимов 2,4 млн теңге төлейді

 Айгерім Таубай 29.10.2024 | 10:14
Атырауда әйелін ұрғаны үшін сотталған экс-әкімнің жазасы жеңілдетілді
Фото: Halyq Uni

Атырау соты әйелін ұрып-соққан бұрынғы аудан әкімінің жазасын жеңілдетті. Облыс сотының хабарлауынша, апелляциялық сот алқасы Мақат ауданы әкімі болған Ринат Ибрагимовке шыққан үкімді қайта қарады.

Бірінші инстанциядағы сотта 2023 жылдың 31 мамырында Атыраудағы пәтерінде Ринат Ибрагимов пен оның әйелі арасында жанжал шыққаны анықталды.

Экс-әкім жәбірленушінің өзіне материалдық тәуелділігін пайдаланып, осының негізінде жанжал шығарып, әйелінің оң иығынан ұстап, есікті жауып, бөлмеге кіргізген. Ешкімнің кедергі жасамайтынына көз жеткізіп, денсаулығына қасақана зиян келтіру мақсатында оны еденге құлатқан және сол жақ санынан бірнеше рет тепкілеген. Соның салдарынан жәбірленушінің 5-ші омыртқасы сынып, орташа ауырлықта зақым алған, - делінген іс материалдарында.

Сот үкімімен оған 2 жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Сондай-ақ одан 2 млн теңге өндірілді.

Іс апелляциялық сот алқасына жәбірленуші және қорғау тарапының шағымы, сондай-ақ прокурордың өтінішхаты бойынша түскен.

Сот алқасы іс материалдарын қарап, Ибрагимовтің кінәсі жәбірленуші жауабы, сот-дәрігерлік сараптама қортындысы негізінде дәлелденді деген тұжырымға келді.

Апелляция алқасы «кінәлі адамға көрінеу белгілі материалдық жағынан тәуелді адамға қатысты» деген айып дұрыс тағылмаған деп шешті.

Жәбірленушінің сотталғанға материалдық тәуелділігі туралы дәлел ұсынылмады. Жәбірленушінің кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырғаны, оның шотына ақша түскені туралы құжаттар ұсынылды.

Осыған байланысты, Ибрагимов әрекеті қылмыстық кодекстің 107-бабының 1-бөлігіне қайта сараланды. Оған 700 АЕК (2 415 000 теңге) мөлшерінде айыппұл тағайындалды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама