Сот шешімі заңды күшіне енді
Қарағандыда жанжал кезінде күйеуінің басынан таспен ұрған әйел жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Қарағанды облыстық соты баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға биыл 21 сәуірде сағат 00:10 шамасында қаланың 23-шағын ауданында орналасқан 13-үйдің 2-кіреберісінде болған.
Жанжал кезінде күйеуі кәмелетке толмаған балаларын мопедтен итермек болған. Сол кезде әйел оның басынан таспен ұрып, дене жарақатын салған. Сараптамада әйелдің де денсаулығына жеңіл зиян келгені көрсетілген. Сонда да ер адам әйелін жауапкершілікке тартқызу туралы шешім қабылдады.
Оған қатысты Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 73-1-бабы 1-бөлігі («Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру») бойынша іс қозғалды. Кейін іс сотқа жіберілді, – делінген хабарламада.
Істің барлық мән-жайын қарағаннан кейін сот қарағандылықты әкімшілік құқықбұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп тауып, 15 АЕК мөлшерінде әкімшілік айыппұл салуға үкім шығарды. Сот шешімі заңды күшіне енді.
Мұндай оқиғадан кейін ерлі-зайыпты бірге өмір сүруді жалғастыра ма, әлде қарым-қатынасқа нүкте қоя ма, бұл туралы сот хабарламады.