Елдің батысындағы үш өңірге қосымша автогаз жөнелтілді
Ақтөбе облысына 900 тонна қосымша сұйытылған газ бөлінді
Ақтөбе, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облысына қосымша сұйытылған газ жөнелтілді. Бұл туралы энергетика министрлігі хабарлады.
24 қазанда Ақтөбе облысына Шымкент МӨЗ ресурстарынан 900 тонна қосымша сұйытылған газ бөлінді. Батыс Қазақстан облысына «Теңізшевройл» ресурстарынан 180 тонна қосымша жеткізілді, - деп хабарлады министрлік.
Сондай-ақ Маңғыстау облысына ҚазГӨЗ-ден тәулігіне жеткізілетін газ көлемі 100-150 тоннаға ұлғайтылды.
Айта кетейік, бұған дейін батыс өңірде сұйытылған газға сұраныс артқаны белгілі болды.
Бұған дейін Сауда комитеті «Самара-Шымкент» трассасы бойында орналасқан жанармай құю бекетінде сұйытылған газ жоғары бағада сатылып жатқанын байқаған тұрғын шағым түсіргенін мәлімдеді. Мұнда кәсіпкер құны 59 теңге тұратын сұйытылған газды 70 теңгеден сатқан.